Саясаткер «Ресеймен қоса Қазақстан да құлдырайды» дегендердің аузына құм құйды

1782
1990-шы жылдары Қазақстан да, Ресей де нарықтық реформаларды жүзеге асырған. Ресейде ол Ельцин-Гайдар реформалары деп аталды. Ондай реформаларды Қазақстан да жасады. Соның негізінде Ресей мен Қазақстанда нарықтық қатынастар қаланды. Алғашқы екі-үш жылда реформалардың әсері әлеуметтік салаға ауыр тисе де, экономикалық салада үлкен серпіліс басталды. Ресей мен Қазақстанда ішкі жиынтық өнімдер ауқымы еселеп өскен. Бірақ жедел экономикалық даму, экономикалық серпіліс 2000-2008 жыл аралығына ғана созылды. Ресей мен Қазақстанның экономикалық қарқынының өсуіне мұнай мен газ бағасының биік деңгейге көтеріліп, экономикаға мемлекеттік инвестициялардың өсуі және жеке меншік сектордағы бизнестің дамуы халықтың тұрмыс дәрежесінің өсуіне әкелді.  2008 жылдан бастап циклдық дағдарыс болып, Қазақстанның да, Ресейдің де экономикалық даму қарқыны бәсеңдеді.
Екі мемлекет те дағдарыстан шығудың жолдарын іздеді. Ресейдің экономикалық және геосаяси концепциясын президент Путин қалыптастыратын болды. Президент Ресейдің әскери-өндірістік комплексі (кешені) және Ресей олигархтарына сүйенбек болды. Сөйтіп ол ССРО-ны жаңғыртпақ болып Батыс елдер қауымдастығымен  ашық қарсыластыққа шықты. Ресей экономикасы милитаризация жолына түсті: мұнай мен газ саудасынан түскен қаржымен әскери-өндірістік комплексін қаржыландыра бастады. Ресей өз әскери қуаты өскен сайын егемен болған бұрынғы ССРО республикаларына агрессивті әрекет жасайтын болды. Президент Ельциннің тұсында 1992 жылы Молдавияның  Приднестровьедегі территориясына әскер мен қару жіберіп, сол елдегі сепаратистерді қолдады. Ол аз болғандай 2008 жылы Грузиямен соғысып Оңтүстік Осетияны тартып алып, «Абхазияға егемендік берді». 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Шығыс Украинаға әскер кіргізді.
Бірақ Ресейдің агрессивтік саясаты  Батыс елдері қауымдастығы (Европалық Одақ пен НАТО) тарапынан нарызылық тудырып, олар Ресейге  санкциялар сала бастады. Ресей экономикасы стагнацияға ұшырап, халықтың тұрмыс деңгейі төмендеді. 2014 жылдан бері  Ресейдің жағдайы құлдырап келеді. Үстіміздегі жылы мұнай бағасы құлдырады.
Бүгінгі таңда Ресейдегі тұрмыс жағдайын Қазақстаннан да төмен дейтіндер артты. Мәселен, белгілі Ресей саясаткерінің айтуынша, Ресейдің экономикалық дамуы мен тұрмыс деңгейі Қазақстаннан қалуы ықтимал. Мұндай пікірді Анатолий Чубайс айтты. Оның пайымдауынша, РФ экономикасының жылма-жыл өсуі 1%-дан төмен көрінеді,ал Қазақстан экономикасының жылма жыл өсімі  орта есеппен 3,5−4%.
2017 жылы қазақстандықтардың тұтынушылық  әлеуеті ресейліктерден 16% жоғары болыпты.  2016 жылы ҚР азаматы орта есеппен  $13,8 мың жұмсаса, ал  РФ  азаматы орта есеппен тек $11,9 мың жұмсапты. Сонымен, жаңа феномен-жаңа факт: Ресейден гөрі Қазақстанда тұру қолайлы, Қазақстан халқы дәулеттірек тұрады.
Кей сарапшылардың пікірі мүлдем басқа. Олар Қазақстанда тұрмыстың әл-ахуалы Ресейден төрт есе төмен деп соғуда.
Шынын айтсақ, Ресейде тұрмыс стандарты  төмендеп келегені рас, бірақ Қазақстандағы жағдай әр қилы: әр қалада, әр өлкеде…
Әзімбай Ғали
«Қамшы» сілтейді