ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМДІ НЫҒАЙТУҒА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ БОЗАРЫҚ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА ӨТТІ

96

Шымкент қаласының Бозарық шағынауданында тұрғындармен кездесу өтті. Ашық диалог форматында ұйымдастырылған жиын тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Жиын барысында ел ішіндегі татулық пен келісімнің мәні, сондай-ақ әлеуметтік-маңызы бар мәселелер талқыланды.

Кездесуге Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, «Шымкент қаласы өзбек этномәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Абай аудандық филиалының төрағасы Илхом Алимкулов және учаскелік инспектор Камалхан Тоқбергенов, Абай ауданы әкімінің аппараты мәдени даму, спорт және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Венера Пернекулова қатысып, тұрғындармен пікір алмасты.
Қатысушылар қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, әр азамат өз деңгейінде келісім мен бірлікке үлес қосуы тиіс екенін жеткізді.

Шарада қоғамдық келісімді нығайту, жастардың тәрбиесі, әлеуметтік-медициналық сақтандырудың артықшылықтары жайлы айтылды. Сонымен қатар, этносаралық татулық, отбасы құндылықтары, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды ұлттық салт-дәстүрлердің қазіргі қоғамда сақталуының маңызы сөз болды.
Кездесу барысында деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы ақпараттық түсіндіру жұмыстары туралы да айтылып, жастардың әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалануына қатысты ұсыныстар берілді.

Кездесу соңында өзекті мәселелер бойынша кеңес беріліп, тұрғындар көтерген сұрақтар назардан тыс қалмады. Қатысушылар осындай кездесулердің жиі өтіп тұруы халық пен билік арасындағы байланысты күшейтіп, қоғамдық мәселелердің алдын алуға сеп болатынын атап өтті.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да қала аумағындағы басқа елді мекендерде түсіндіру және қоғамдық келісімді нығайту бағытында кездесулер жалғасатынын жеткізді.