«ШЫМКЕНТ — ЦИРКТІҢ» ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

28

Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған мерекелік қабылдау өтті. Шараға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы – Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Шымкент – Цирк» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының қызметкерлері қатысты.

Бұл жиын – мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалау, оларға көрсетілер құрметтің нақты көрінісі болды. Мерекелік қабылдауды «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов ашып, қатысушыларды ҚР Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуымен құттықтады. Өз сөзінде ол цирк қызметкерлерінің шығармашылық еңбегі мен қоғамға қосып жатқан үлесін жоғары бағалап, кәсіби адалдық пен өнер жолындағы табандылықты ерекше атап өтті.

Шара барысында бірқатар сала үздіктеріне кәсіподақ наградалары салтанатты түрде табысталды.

Атап айтқанда:

  • «Еңбек озаты» төсбелгісімен – кәсіпорынның оркестр әртісі Аппазов Серік Құттыбайұлы мен кәсіпорын директорының орынбасары Аманов Сұлтанхан Сәрсенханұлы марапатталды. Аталған марапат өнер саласында ерекше көзге түсіп, кәсіби деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен қызметкерлерге табысталады.

  • «Құрмет грамотасымен» – кәсіпорынның хореографы Намазбаева Закира Сүлейменқызы мен билет кассирі Қамшыбекова Перизат Жаңабекқызы марапатталды. Бұл марапат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, мәдени қызметті дамытуға үлес қосқан азаматтарға беріледі.

  • Ал «Алғыс хатпен» – кәсіпорынның коменданты Жүніспаева Жасмина Сабырқызы мен цирк әртісі Сапарбеков Нұржан Ниязәліұлы марапатталды. Олардың адал қызметі мен ұжым ішіндегі еңбек тәртібін сақтау жолындағы еңбегі ерекше атап өтілді.

Салтанатты шара жылы лебіздер мен шынайы алғыстарға толы болды. Қатысушылар кәсіподақ тарапынан көрсетілген құрметке риза болып, алдағы уақытта да өз саласында абыроймен еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.

Мұндай марапаттау рәсімдері – еңбек адамын ынталандырып қана қоймай, сала мамандары арасында бедел мен жауапкершілікті арттыратын игі дәстүрдің жалғасы болып табылады.