ҮШЖАҚТЫ КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ: ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

581

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеевтің жетекшілігімен Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл алаң әлеуметтік-еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды орталық болып табылады. Жиынға мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің және кәсіподақтардың өкілдері қатысып, еңбек қатынастарын реттеудегі және әлеуметтік әріптестікті дамытудағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.

Отырыста жастарды жұмыспен қамту мақсатында өндірістік практиканы ұйымдастыру, кәсіпорындардағы еңбек шарттарының сақталуы, татуласу орталығының жұмысын талқылау және еңбек дауларын шешу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өтетін іс-шаралар мен «Еңбек – елдің тірегі» флэшмобын өткізу, «Еңбек күні», «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларына қатысу мәселелері қаралды. Комиссия мүшелері қалалық кәсіпорындардағы еңбек қатынастары, жалақы бойынша берешектерді өтеу және әлеуметтік аударымдардың уақытылы төлену мәселелерін де талқылады.

Комиссия отырысына 20-дан астам өкіл қатысып, өз ұсыныстарын білдірді. Отырыста «Маида» Медиация және психология орталығының директоры Салтанат Абдукаримова Татуласу орталығы мен Заң клиникасының атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Сонымен қатар, Бауыржан Алтеев «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС қызметкерлері кәсіподағының ұсынысын таныстырып, оны талқылауға ұсынды. Бұл ұсыныс еңбек кодексіне өзгерістер енгізу арқылы кәсіподақтардың құқықтарын кеңейту мәселелеріне қатысты болды. Комиссияның нәтижесінде Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, ал Шымкент қалалық кәсіподақ орталығы ҚР Кәсіподақтар федерациясына хат жолдау туралы хаттама қабылдады.

Отырыс әлеуметтік әріптестік қағидаларын нығайтуға және Шымкент қаласындағы еңбек адамының мүддесін қорғауға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді.