Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі стратегиялық тапсырмалары аясында елімізде әлеуметтік қолдаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сол маңызды жобалардың бірі – «Әлеуметтік әмиян» цифрлық сервисі.
Осы тақырыпта «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенованың төрағалығымен кеңейтілген онлайн-отырыс өтті. Жиын барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қалада атқарылып жатқан цифрландыру жұмыстары мен нақты нәтижелер туралы баяндады.
Бүгінде Шымкент қаласындағы 151 мектепте «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында аппараттық-бағдарламалық жүйе толық орнатылды. Бұл жүйе арқылы оқушылардың асханаға нақты кірген уақыты автоматты түрде тіркеліп, төлемдер нақты тамақтанған балалар саны бойынша жүзеге асырылуда. Нәтижесінде ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында 460 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді. Үнемделген қаражат білім беру сапасын арттыруға бағытталады.
Сонымен қатар қалада «Әлеуметтік әмиян» жүйесін одан әрі кеңейту мақсатында мектеп формасы, кеңсе тауарлары, сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылардың балаларына арналған қосымша қолдау түрлерін енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұл бастамалар әлеуметтік көмекті нақты әрі мақсатты жеткізуге мүмкіндік береді.
Аталған цифрлық сервис әлеуметтік төлемдерді қағазсыз, артық әкімшілік рәсімдерсіз, тікелей нақты алушыларға бағыттауға жол ашады. Қазіргі таңда республика бойынша 1,6 млн бала мектепте ыстық тамақпен, 2 млн-нан астам азамат электронды рецепт арқылы дәрі-дәрмекпен қамтылып отыр.
Отырыс қорытындысында Тамара Дүйсенова 4 млн азаматты қамтитын ауқымды оқыту науқанының басталғанын хабарлады. Бұл жұмыс мектептер мен емханалардағы мамандарды, ата-аналарды және әлеуметтік қолдау алушыларды жүйені тиімді пайдалануға үйретуге бағытталған.
Алдағы кезеңде әлеуметтік қолдауды бақылау қағаз жүзінде емес, толықтай цифрлық деректер негізінде жүзеге асырылатын болады.
Шымкент қаласы әлеуметтік саланы цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға үлес қоса береді.















