Букмекер орталықтарының күні не болмақ?

1383
Осыдан 10 жыл бұрын казино орталықтары жаппай қаладан тыс Қапшағайға көшірілгенде, көпшілік бөріктерін аспанға атып қуанған еді. Алайда көп ұзамай-ақ қоғамға «майл румен» бірге букмекер орталықтары еніп кетті. Біріншісі заман талабын ескеріп, көштен қалса, екіншісінің күні бітудің орнына, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Көшеде кімнен сұрасаң да, «жабу қажет» дейтін букмекер орталықтарына шынымен де үкімет тарапынан қысым көрсетіле ме? Олардың қоғамға қандай пайдасы бар? «Олимп» орталығы неге өзгелерден қарағанда танымал? Міне, осы секілді сауалдардың жауабын білгіңіз келсе, мақалаға мән беріңіздер!
Букмекер қашаннан бар?
Тарихи кинолардағы гладиатор жекпе-жектерін көргенде жиналған жұрт жаппай ақшаларын тігіп жатқанын байқау қиын емес. Иә, шынымен де алғашқы бәс тігулер ежелгі Рим Империясында пайда болған. Десе де, ресми мемлекеттің мақұлдауымен алғашқы букмекер орталығы Англияда 1795 жылы Гарри Огден Ньюмаркет қаласында ашылды. Оның бір ерекшелігі – тек ат спортына ғана бәс тігуге рұқсат етілетін еді. Ал қазір спорттан тыс кино, саясат та қамтылады. Мысалы, «Тақтар ойынында» кім патша болады? АҚШ сайлауында кім жеңіске жетеді, 2012 жылы Армагеддон көрінеді ме? дегендей сұрақтардың болуы алдағы уақытта өміріміздегі әрбір қимылымыз бәс тігілумен шешілетінге апаратын секілді.
Ал онлайн түрде тігілетін букмекер орталығы 1994 жылы Антигуа және Барбуда мемлекетінде алғаш рет тіркелсе, кейіннен зерттеулердің қорытындылары 2001 жылы әлемде 8 млн онлайн ойыншы бар екенін көрсеткенде, үкімет оларды тікелей қадағалауға мәжбүр болды.
Ресми түрде Қазақстанда алғашқы  букмекер 2007 жылдан бастап ашылған. Ал оның кең қанат жаюы 2009-дан басталады. Оған себеп, сол жылы жаппай казино орталықтары қаладан тыс жерлерге көшірілуі болатын.
«Букмекер» әлемнің жағдайы төмен елдерінде қызмет етеді – деген қағиданы күнделікті өмірде естіп жүргенімізбен, әлемнің алпауыт елдері Ұлыбритания, Швеция, Жапония, Канада, Сингапурда бәс тігу экономикаға өлшеусіз пайда түсіретін қаржы көзі деп саналып, тіпті үкіметтің өзі жеке қадағалайды. Өткен 2018 жылы Қазақстанның бюджетіне букмекер орталықтарынан түскен қаржы 14.4 млрд теңгені (37 млн доллар) құраған.
Букмекерге қанша адам тігеді?
Әлемдік букмекер орталықтарының мәліметінше, әлемдегі 1,05% бәсті қазақтар тігеді және онлайн ставкада 247 елдің арасынан 24 орынды иеленеді.  Ал ең танымал букмекер орталығы «Олимп». Олардың ресми сайттарынан бөлек, ВК желісінде 185 мыңнан астам адам тіркелген. Ресми сайттарында 750 мыңдай азамат тіркелгенімен, ең белсенді дегендердің саны 350 мыңды құрайды.
Реттілік
Букмекер атауы
Күнделікті кіретін адамдардың саны
1
«Олимп.кз»
79600
2
«1xBet»
75600
3
Париматч
43400
4
ProfitBet
5180
5
Gol + Pas
1840
Жұрт жапсын деп шулайтын букмекер орталықтарына үкімет тарапынан белгілі бір іс-шара қолданыла ма? Әрине! Өткен жылы әрбір букмекер кассасы айына 150 айлық көрсеткіш деңгейінде, онлайн букмекерлер 2000 айлық көрсеткішінде салық төлесе, биылғы жылдан бастап әр касса ай сайын 300 айлық есептік көрсеткішін, онлайн ойындар 3000 айлық көрсеткішті төлеп қана қоймай, алғаш рет әр тігілген болжамнан 12% НДС алынады. Бұл букмекер орталықтарына тиімсіз болғандықтан, сарапшылардың ойынша алдағы уақытта олардың қатары азая түспек.
Жалпы елімізде лицензиясы бар 45 букмекерлік орталықтың түрі бар. Оның ішінде ең көбі «Олимп». Ең алғаш 2007 жылы 15 мамырда келген бұл орталықтың дәл қазіргі сәтте 307 нүктесі бар. Олардың 91-і Алматыда, 66-ы Астанада тіркелген. Неге бұл букмекер орталығы өзгелерден қарағанда танымал? Себебі, «Олимп» бір квитанция бойынша максимальды түрде 10 миллионға дейінгі ұтысты береді. Қалған букмекерлер тек 5 млн теңге ғана ұтысты бере алады. Сол себепті «Олимптың» қалтасы өзгелерден қарағанда бірнеше есе қалың. Бей            ресми мәліметтерге құлақ түрсек, жылдық табысы 250 млрд теңгені құрайды.
Букмекерді қалай тоқтата аламыз?
Букмекерді жабу жөнінде ұсыныстар қоғамда біршама. Бірі тек жаппай жабу керек десе, екіншісі Қапшағай сынды тысқары жерге көшіру керек деп санайды.
  • Букмекер орталықтарын жабу. Әлемдік тәжірибелерге қарасақ, букмекерлік кеңселер жұмысын жасамайтын елдер бар. Әсіресе коммунистік Въетнам, Қытай сынды елдерде заңмен шектелсе, Араб әлемінде бәс тігу қасиетті Құранмен тыйым салынған. Сол секілді Израильдың қағидасында да бәс арқылы ақша ұту адамды табысқа жетелемейді деп санайды. Дегенмен, букмекер орталықтарын жабатын болсақ, ірілі-ұсақты қалаларда күзетші, кассир, даяшы т.б қызметкерлер өз жұмыстарынан айырылады. Бұл таяқты кезінде көршілес Қырғыз елі бастан өткерген.
  • Букмекер орталықтарын қаладан тыс жерге көшіру. АҚШ-тың Невада, Атлантик-Сити сынды жерлерінде, Оңтүстік Кореяның қаладан тыс Канвон қаласында ғана арнайы бәс тігуге рұқсат етілсе, еліміздің Парламентінде де осы ұсыныс 2017 жылдан бері үнемі айтылып келеді. Одан тыс букмекер орталықтарын оқу орындарынан, мешіттерден алыс жерлерге ығыстыру мәселесі де қозғалуда
  • Жас мөлшерін көбейту. Психологтардың пайымдауынша жас азаматтар, оқушылардың азарттық ойындарға деген ықыласы тез ауады. Елімізде букмекер орталықтарында көбінесе студент жастар көп баратындықтан, заңнаманы 21 жас деп емес, 25 жасқа дейін ұзартылуы мүмкін.
  • Сайтқа ЖСН арқылы тіркелу. Кәмелетке жасы толмағандар сайтқа тіркеле алмауы тиіс. Егер осы талаптар бұзылған жағдайда, лицензиядан тартып алу т.б қатаң іс-шараларды қолданса, букмекер орталықтарының да көлеңкелі түстары азаюшы еді…
Қанат Байұзақов