«Мұны ешкім тексере алмайды»: Шәмші Қалдаяқовтың келіні Қазақстанға қауіп төніп тұрғанын айтты

835

Әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың келіні Ботагөз Қалдаяқова Мәжілістегі «Креативті индустрияны дамыту туралы» тақырыптық отырысында концерт ұйымдастырушыларының жұмысын сынады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Б.Қалдаяқованың Шәмші әлемі» қорының атқарушы директоры шетелдік авторлар шағым түсірсе, халықаралық дау болатынын ескертті.

«Біз қазір халықаралық даудың алдында тұрмыз. Неге екенін айтайын ба? Өйткені, «Ғаламат ғасыр: Сүлеймен сұлтан» сериалының саундректері деген сияқты концерттер қаптап кетті ғой. Соны өткізіп жүргендердің ешқайсысы әлем жұлдыздарына, орындаушыларға авторлық сыйақы төлеп жатқан жоқ. Оның бәрі – «пираттық контент». Шетелдік авторлар өз елінен бізге шағым түсірсе, аса ірі халықаралық дау болады. Мен қазақстандық авторларды айтып отырған жоқпын. «Біз жарайды, өзіміз ғой»деп қоя саламыз. Оның шешімі бар. Ticketon, «Кассир» сияқты билет операторларын сатылған билет айналымынан авторларға сыйақы аударуға міндеттеу керек. Заң бойынша концерт ұйымдастырушылар билет сатудан түскен ақшаның 4 пайызын авторлық қоғамдарға немесе тікелей мұрагерлерге авторлық сыйақы ретінде беруге міндетті. Ән болса, 2 пайызы саз авторына, 2 пайызы мәтін авторына беріледі. Ол тәртіпті ешкім сақтап жатқан жоқ. Өйткені, ешкім мұны тексере алмайды», – деді ол.