«Қаңтар оқиғасы»: «Дикий Арман», Қайрат Құдайберген, Руслан Ысқақов, Бердах Бекетов
2025 жыл Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сот процестерімен басталды. Соның ішінде көп талқыланғаны – «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевтің ісі. Оған 24 адамды ұрлап әкетіп, жәбірленушілерді қонақүйлердің автотұрақтарында ұрып-соғып, азаптаған деген айып тағылды.

Бұл іс бойынша жалпы 42 адам жауапқа тартылды. Сот үкімімен Арман Жұмагелдиев 20 жылға, ҰҚК-ның 5-департаментінің экс-басшысы Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға, Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген 8 жылға, блогер Бердах Бердімұрат Бекетов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының 13 мүшесіне 10 жылдан 15 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал қылмыстық топтың құрамына кірмеген басқа қатысушыларға 1 жыл 6 айдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Блогер Темірлан Еңсебектің ісі
2025 жылдың көктемінде Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі өтті. Оған «ұлтаралық алауыздық қоздырды» деген айып тағылды. Нақтырақ айтқанда, ол бейәдеп сөздер қолданылған «Йоу, орыстар» атты әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық жазбаға қосқан.

Сотта Темірлан Еңсебек: «Этникалық орыстарға деген өшпенділігім жоқ» деді. Сондай-ақ ол парақшада жарияланған сурет пен мәтінде орыс ұлтына қатысты ешқандай қорлау немесе балағат сөздер жоқ екенін бірнеше рет атап өтті.
Сот Темірлан Еңсебекті 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс
Талғардағы бұл қылмыс жұртшылық арасында үлкен резонанс тудырды. Қайғылы оқиға 2024 жылғы 4 қазанда болған. 16 жастағы Шерзат Полатты бір топ адам анасының көзінше аяусыз ұрып, өлтіріп кеткен.
Іс бойынша 9 адам айыпталды. Оларға адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, бұзақылық және қылмысты хабарламау баптары бойынша айып тағылды.

Сот үкімімен басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға, Тоқтаубаев Азамат 15 жылға, Нұрқияс Ілиясов 9 жылға сотталды. Дархан Әскентай, Шыңғыс Белғожаев, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахмет 7 жылға, ал Думан Ысқақ 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Кәмелет жасына толмаған Думан Ысқақ бірінші сатыдағы сот үкімімен тағайындалған жазаны толық өтегендіктен, қазіргі уақытта бостандықта жүр.
Сондай-ақ сот іс бойынша куәгер деп танылған Дана Жақсыгелді, Эльмира Нұрбекова, Арлан Казакенов және Юлдаш Рузбакиевтің әрекеттеріне прокурордың назарын аудару туралы жеке қаулы шығарды.
Алматы әуежайының қызметкерін кепілдікке алу ісі
2025 жылғы 7 наурызда Алматы халықаралық әуежайында төтенше жағдай болды. Машрапбек Баратов есімді ер адам әуежай қызметкерін кепілге алып, пышақпен қорқытқан. Сондай-ақ қол сөмкесінде «бомба» бар екенін айтып, айналасындағылардың үрейін ұшырған.
Оқиға орнында болған Мұса Әбдірайым күдіктіні әңгімеге тартып, қолайлы сәтті пайдаланып, оның қолындағы пышақты тартып алды. Осылайша ол әуежай қызметкерінің өмірін аман сақтап қалды. Кейін Мұса Әбдірайымның әнші Бағлан Әбдірайымовтың ағасы екені белгілі болды. Президент оны көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін медальмен марапаттады.

Сотта Машрапбек Баратов бұл әрекетке не себепті барғанын түсіндірді. Оның айтуынша, жұмыс орнында үш ай бойы жалақы төленбеген, отбасында да қиындықтар болған. Сол күні қосымша табыс табуды ойлағанымен, ешқандай жұмыс таба алмаған. Үйіне қайту үшін автобусқа мінген, алайда ойы телефонға бөлініп, әуежайдан бір-ақ шыққан.
Ол терроризм актісін жасауға немесе адамдарды кепілге алуға ниеті болмағанын айтты. Сондай-ақ басқа қалаға ұшуды да жоспарламағанын жеткізді. «Қызметкер құжаттарымды сұрады. Қазір қайта шығамын дедім, бірақ ол мені тоқтатты. Сол сәтте эмоцияға беріліп кеттім», деп түсіндірді сотталушы.
Машрапбек Баратов сотта өз кінәсін мойындап, әуежай қызметкерінен кешірім сұрады. Сот оған 10 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Перизат Қайрат ісі: «Юбка киген Остап Бендер»
2025 жылы Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс қоғамға ой салған, өзгелерге сабақ болған ең атышулы сот процестерінің бірі ретінде есте қалды.
BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева қайырымдылық мақсатта жиналған шамамен 3,5 млрд теңгені жымқырды деп айыпталды. Қарапайым халық пен ірі компаниялар бұл қаражатты Қазақстандағы су тасқыны кезінде зардап шеккендерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға және Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету үшін жинаған. Бірақ тергеу дерегіне сәйкес, анасы мен қызы ақшаны қымбат зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһазға, саяхаттауға, автокөлік пен пәтер сатып алуға жұмсаған.
Сотта 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдары зерделенді. Құпия деректерге байланысты сот процесі ішінара жабық форматта өтті. Сондай-ақ сот барысында Перизат Қайраттың жоғары білімі жоқ екені анықталды.

Атышулы іс аясында Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің есімі бірнеше рет аталды. Перизат Қайраттың айтуынша, қор алғашында Nur Otan партиясының бастамасымен құрылған, сол кезде Бауыржан Байбек партия төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға, ал анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушылар өз кінәларын мойындамады.
Әлеуметтік желілерде Перизат Қайратты «юбка киген Остап Бендерге», алаяқтардың ханшайымы атанған Софи Блювштейнге теңеп жатты. Бұл іс қоғамның қайырымдылыққа деген сеніміне айтарлықтай нұқсан келтіргені анық.
Шымкенттегі шу: Берденов ісі
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық қоғамда түрлі пікір туғызды. Оқиға 21 сәуір күні әкімдік ғимаратының маңында болған. Шабуыл салдарынан Берденов ауыр жараланып, жансақтау бөліміне жеткізілді. Қастандық жасады деген күдікпен Ернар Жиембай ұсталды. Ол бұған дейін әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» компаниясының директоры міндетін атқарған.
Бейресми нұсқалардың бірінде Берденов Жиембайдың жұбайына тиіскен деген ақпарат тарады. Күдікті оны қорғау үшін осындай әрекетке барғаны айтылды. Алайда Жиембайдың отбасы, соның ішінде жұбайы бұл мәліметті бірден жоққа шығарып, жәбірленуші тарапқа жанашырлық білдірді.
Ал Руслан Берденов Жиембайдың жұмысына көңілі толмағанын, жанжалдың содан басталғанын түсіндірді.

Прокурордың айыптау актісіне сәйкес, 2025 жылғы 21 сәуірде құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің басшысы Ернар Жиембайға Руслан Берденовтің тапсырмасымен «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры қызметінен босатылатынын хабарлаған. Лауазымынан айырылатынын білген соң Жиембай қатты ашуланып, күйзеліске түскен. Ол алкоголь ішіп, аңшы мылтығын алып, әкімдікке барған. Сол жерде Руслан Берденовті күтіп, оны көре сала бірнеше рет оқ атқан. Тергеу нұсқасы бойынша, ол осылайша кек алмақ болған.
Алайда сотта Ернар Жиембай оқ атуына қызғаныш себеп болғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол Берденовтің өзіне тіл тигізіп, намысына тиетін сөздер айтқанын алға тартты.
Сондай-ақ сотта айыпталушы Руслан Берденовтің қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздықбековке жала жауып, оны қастандықтың тапсырыс берушісі ретінде көрсетуін талап еткенін айтты. Ал Берденов пен Сыздықбеков бұл мәлімдемелердің барлығын жоққа шығарды.
Ернар Жиембай өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. Сот үкімімен ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Әйелін 10 жыл бойы сабап келген дипломат»: Сәкен Мамаш ісі
Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш 2024 жылдың мамырында видеоүндеу жариялаған. Видеода ол 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтқан.
Осы мәлімдемеден кейін дипломатқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол қызметінен босатылды.

Маусым айында Сәкен Мамашқа қатысты сот процесі басталды. Жәбірленуші тараптың өтінішімен сот отырысы ішінара жабық форматта өтті. Журналистерге тек үкім жарияланған соңғы отырысқа қатысуға рұқсат берілді. Карина Мамаш бұл шешімді балаларының жеке өміріне қатысты деректердің жария болмауы үшін қабылдағанын түсіндірді.
Сот үкімімен экс-дипломат «Азаптау» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Хасан Қасымбаевтың ісі
Талғарда Шерзат Полаттың өлімінен кейін «Хуторские» бандасы туралы әңгіме тарады. Ал оның басшысы ретінде Хасан Қасымбаевтың есімі аталды. Қоғамда үлкен резонанс тудырған осы оқиғадан кейін 2024 жылғы 2 қарашада Хасан Қасымбаев қамауға алынды.
Бірақ ол Шерзат Полаттың ісі бойынша емес, 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру және адам ұрлау деректері бойынша тергелген. Артынша бұл істе тағы бір жәбірленуші бар екені анықталды. Ол кәсіпкер Аюпжан Тәжиев болып шықты.

Сот процесі 20 тамызда басталды. Іс бойынша Хасан Қасымбаевтан бөлек тағы бес адам айыпталды. Сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспеді.
Үш айға созылған сот процесі 11 қарашада аяқталды. Сот үкімімен Хасан Қасымбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған сотталушыларға мынадай жаза тағайындалды: Руслан Әлиев 8 жылға, Мадияр Қалымжанов 9 жыл 6 айға, Сайлау Ақтанов 8 жыл 6 айға, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков 22 жылға, Данияр Асқаров 8 жылға сотталды.
«Қазақтың Робин Гуды»: Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваның ісі
2025 жылы қоғамның қайырымдылықпен айналысатын тұлғалардың қызметіне күмәнмен қарауына Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваның да ісі әсер етті. Бұл екеуіне «аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Аталған іс бойынша 26 адам жәбірленуші деп танылды.
Тергеу дерегіне сәйкес, Ақтоты Дүйсеева қажыларды тур арқылы Меккеге апарамын деп уәде беріп, ақшаларын алғанымен, өз міндеттемесін орындамаған. Ал Ілияс Сариев мұқтаж жандар туралы бейнематериалдарды әлеуметтік желіде жариялауға уәде беріп, сол үшін көмекке зәру адамдардан ақша алған. Алайда ол да уәдесін орындамаған.

Прокурордың «Ақша қайда жұмсалды және не себепті жетпей қалды?» деген сұрағына Дүйсеева «қаражатты Ілияс Сариев құмар ойындарға жұмсады» деп жауап берді. Сот отырысында оның телефоны зерттеліп, банк қосымшасынан Ілияс Сариевтің құмар ойындарға салған ақшасының сомалары анықталды. Алайда Сариев бұл аударымдарды мойындамады.
Іс бойынша жәбірленуші деп танылған 26 азаматқа келтірілген залалдың жалпы сомасы 33 млн теңгеден асты. Сот барысында Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсеева кейбір жәбірленушілерге келтірілген шығынды ішінара өтегені анықталды.
4 желтоқсанда шыққан сот үкімімен Ілияс Сариев 3 жыл 8 айға, Ақтоты Дүйсеева 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың жаза мерзімі ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты «Рақымшылық жасау туралы» заңына сәйкес 5/1, 3/1 мерзімге қысқарған.
Дүйсееваның кәмелет жасына толмаған баласының болуына байланысты жазасын өтеу уақыты кейінге шегерілді.
Лоторея дауы: Блогерлерге қатысты іс
Астанада миллионнан астам жазылушысы бар танымал отбасылық жұп Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот отырысы өтті.

Жанабылов пен оның жұбайы ақылы курс арқылы 10 автокөлік пен өзге де қымбат сыйлықтарды ұтысқа қойғаннан кейін дау-дамайға қалды. Себебі Қазақстан заңнамасына сәйкес, лотереяларды тек ресми операторлар ғана өткізе алады.
Лотерея және ойын бизнесін реттеу комитетінің өкілдері Жанабыловтар ұсынған курстарды сатып алып, олардың мазмұны жарияланған сипаттамаға сәйкес келмейтінін анықтаған. Сонымен қатар 30 мың теңге көлеміндегі бағасы негізсіз әрі тым қымбат деп есептелді.
Нәтижесінде блогерлерге қатысты әкімшілік іс тоқтатылып, Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі «Заңсыз кәсіпкерлік» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Асқан қатыгездікпен өлтірген»: Яна Легкодимованың ісі
Атырауда Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот отырысы халықтың назарын аударды.
2024 жылғы 18 қазанда 23 жастағы Яна Легкодимова өзінің кездесіп жүрген жігіті Ризуан Хайржановпен жолығу үшін үйінен шығып, із-түзсіз жоғалған.

Тергеу деректеріне сәйкес, Хайржанов пен оның танысы Алтынбек Катимов қызды өлтіріп, мәйітін Талдыкөл ауылы маңындағы өзенге тастаған. Екеуі қылмысты алдын ала жоспарланғаны да белгілі. Себебі Яна Ризуанның тағы бір қызбен кездесіп жүргенін біліп қойып, соған бәрін айтпақ болған.
Хайржанов көлікте қызды буындырып жатқанда, Катимов есікті сыртынан ұстап тұрған. Қылмысын жасаған соң екеуі дәмханаға барып сыра ішкен. Сондықтан олардың әрекеті бірлесіп жасалған адам өлтіру деп танылды. Сот шешімі бойынша екеуі де өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
«Күйеуінің қолынан қаза тапқан»: Айзат ісі
2025 жылдың соңына қарай Талдықорған қаласында 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот процесі басталды. Оның күйеуі Жанболат Айбар жұбайын қызғаныштан аяусыз соққыға жығып, өлтірді деп айыпталып отыр.

Тергеу деректеріне сәйкес, Жанболат Айбар жұбайына медициналық көмек көрсетпеген және жедел жәрдем шақырмаған. Ол қылмыс жасалғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң ғана, түнгі сағат 02:30 шамасында Айзатты Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізген. Алайда ол жансақтау бөлімінде есін жимастан көз жұмды.
Әйелінің қаза болғанын естігеннен кейін Айбар өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
Сот отырысында Жанболат Айбар марқұмның ата-анасынан кешірім сұрағанымен, өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.
Бұл іс бойынша үкім келесі жылы шығарылады.
nege.kz















