Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс жоспарына сәйкес Шарбұлақ ауылдық округіне барып, жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысымен танысты. Өңір басшысы алдымен Шарбұлақ елді мекеніндегі Ынтымақ және Батырбеков көшелерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын бақылады. Нысандардағы жұмыс сапасы мен құрылыс қарқынын көріп, жауапты мердігер мекеме өкілдеріне жол жөндеу жұмыстарын талапқа сай әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде тапсырмалар берді.
Сонымен қатар аудан әкімі «Шарбұлақ – Қарабау – Амангелді – Ақбастау – Қарабау» автомобиль жолының жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында жол құрылысының сапасына ерекше мән беріліп, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынасын қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуы қажеттігі атап өтілді. Аудан басшысы жол инфрақұрылымын дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің маңызды тетіктерінің бірі екенін айтып, жауапты тұлғаларға жол жөндеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.















