Түркістан облысында мобильді аударымдарға қатысты бақылау тәртібі өзгеріп, жеке кәсіпкерлердің салықтық міндеттемелерді орындауына қойылатын талаптарды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мадияр Даниярұлы мәлімдеді.
«2026 жылдың 10 қарашасынан бастап жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына қатысты бақылау шарттары жаңартылды. Оған сәйкес, банктер азаматтың кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шотына қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түскен әрі осы кезеңдегі түсімдердің жалпы сомасы 1 557 000 теңгеден асқан жағдайда мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды. Сонымен қатар, туыстар мен достар арасындағы жеке аударымдар, қарызды қайтару және ортақ қажеттілікке қаражат жинау сияқты түсімдер олардың экономикалық мәніне қарай бағаланады. Мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлік қызметпен айналысатын азаматтарға жеке және кәсіпкерлік мақсаттағы ақша есебін бөлек жүргізуді, тиісті тәртіппен тіркелуді, кәсіпкерлік шотты пайдалануды, кірістерді толық есепке алуды және салық есептілігін уақытылы тапсыруды ескертеді. Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес бақылау-касса машинасын немесе арнайы мобильді қосымшаны қолданып, тұтынушыға фискалдық чек беру міндетті. Жыл басынан бері облыстағы 5 228 дара кәсіпкерге жалпы сомасы 61,2 млрд теңгеге камералдық бақылау бойынша хабарламалар жолданған» — деді спикер.















