ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

6

Түркістан облысында камералдық салықтық бақылау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті камералдық мониторинг басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байдулла баяндады.

«Бақылау барысында салықтық декларациядағы көрсеткіштер, электрондық шот-фактуралар және уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер ескеріледі. Нәтижесінде алшақтықтар анықталса, салық төлеушіге оларды өз бетінше жою немесе тиісті түсініктеме ұсыну мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте камералдық бақылау хабарламасын орындау мерзімі хабарлама табыс етілген күннен кейінгі 30 жұмыс күнін құрайды. Салық төлеуші анықталған кемшіліктерді толық немесе ішінара келіскен жағдайда салықтық есептілікке тиісті түзетулер енгізеді. Ал келіспеген жағдайда құзырлы органдарға айырмашылықтардың себептерін негіздейтін түсініктеме мен растайтын құжаттарды ұсына алады. Сонымен қатар, хабарламаны белгіленген мерзімде орындау маңызды. Заң талаптары сақталмаған жағдайда салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операциялары мен электрондық шот-фактуралар жазып беруі уақытша тоқтатылады» — деді спикер.

Камералдық бақылаудың негізгі мақсаты – салықтық әкімшілендірудің ашықтығын қамтамасыз ету, салық есептілігіндегі сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтау және салық төлеушілерге заң талаптарын сақтауға мүмкіндік беру. Бұл тетік кәсіпкерлер мен азаматтардың салықтық міндеттемелерін дұрыс орындауына ықпал етіп, салықтық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар бақылау шаралары салық төлеушілер мен мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, камералдық бақылау тәртібі мен хабарламаларды орындау талаптары туралы ақпарат беруде. Мамандар кәсіпкерлерге салықтық есептілікті уақытылы әрі дұрыс тапсыруға, электрондық шот-фактуралардағы мәліметтердің сәйкестігін тексеруге және анықталған алшақтықтарға заңда белгіленген мерзімде жауап беруге кеңес береді. Бұл өз кезегінде салықтық тәртіпті нығайтып, кәсіпкерлік қызметтің заң аясында жүзеге асуына жағдай жасайды.