БАҚ: кім қанша тендер алады?

1662
Бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін мемлекеттік тапсырыс – көптеген орталықтар үшін негізгі табыс көзі екен. Егер тендер болмаса, біраз сайттар, тіпті, газеттер өмір сүруін тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы vlast.kz арнайы зерттеу жүргізіпті.
Сайт ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2016 жылдан бері мемлекеттік тапсырыс көлемі өсіп келе жатыр. Айталық, ақпараттық саясат үшін 2016 жылы мемлекеттік қазынадан 41,7 миллиард теңге көлеміндегі қаржы бөлінсе, 2017 жылы – 43,9 млрд, ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша – 47,1 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат, әрине, алдымен билік ұстанып отырған саясатты насихаттау үшін жұмсалған болып есептеледі. Бірақ, тек ол үшін ғана емес, Қазақстандағы бірталай БАҚ-тың жабылып қалмауы үшін де зор рөл атқарады бұл. Тіпті, тек осы мем.тапсырысты алатын деңгейге жету үшін ғана жұмыс істейтін ақпарат құралдары бар екені қоғамда жиі айтылып қалады.
Осыны ескерсек, мемлекеттің тендерге қатысты ұстанып отырған саясаты – бір оқпен екі қоян ату дегенге келеді. Өйткені, тендер арқылы бір жағы мемлекеттік органдардың жұмысын көрсетуге тырысса, екінші жағынан еліміздегі ақпарат құралдарын қаржыландырған болып есептеледі. Бірақ, бұл қағаз жүзінде іске асып, шенеуніктердің есебінде көрсетілгенімен, мұның жалпы халыққа әсері қалай болып жатыр, аталмыш саясаттан мемлекеттік органдар қандай пайда көріп отыр, ел мен биліктің арасына ақпарат құралдары қаншалықты дәнекер болып жүр дегеннің барлығы қайта қарауды қажет ететін, «срогы» өткен мәселелер болып есептеледі.
Одан бөлек, дәл осы «тендер» бөлудің ескі жолы – қазақстандық БАҚ арасындағы бәсекелестікке кедергі келтіріп отыр. Содан да, көптеген ақпарат құралдары жедел, сенімді, тірі ақпарат таратудың орнына тендер жабумен айналысып жүр. Бұл ақпарат саласындағы ашықтық мәселесі ғана емес, жалпы журналистиканың дамуына зор кедергі келтіретін дүние. Осыдан да мем.тапсырысқа еркін ақпараттық құрылымдар кірмей қалып жатады. Тәуелсіз БАҚ-тарға жарнама есебінен күн көру қиындау. Өйткені, жарнама қалай алсаңыз да мем.тапсырыстан әлдеқайда аз. Айталық, 2017-жылы Қазақстан медиа нарығындағы жарнаманың жалпы көлемі – 39,4 млрд теңгені құраған. Ал, мем.тапсырыс – 44 млрд. Мұндай жағдайда, әрине, санаулы ғана тәуелсіз БАҚ-тар болмаса, бүкіл эфирі мен бетін мем.тапсырысқа толтырып тастайтын медиаорталықтар жарнама алу үшін көп жанын сала қоймайтыны анық. Сондай-ақ, енді қалыптасып келе жатқан БАҚ-тарға өте қиын. Өйткені, мемлекеттік саясатты насихаттаушы органдар дайын, жағдайы жақсы орталықтарға ғана қолдау көрсетіп, бүкіл шаруасын солар арқылы атқара бергенді жақсы көреді. Мәселен, 2018 жылы «Қазақстан» телеарнасына бір жылда мем.тапсырыс үшін – 18 893 миллион; «Хабар» арнасына – 13949 млн теңге бөлініпті. Ал, бұдан кейінгі көрсеткіш бірден құлайды да, бірнеше сайттың басын біріктіріп отырған «Казконтентке» 1 240 млн бөлінеді. Үздік үштік осы. Бұдан кейінгі элиталы тізімге баспасөз атаулыдан ілінген екі газеттің бірі «Егемен Қазақстан» екен. 5-ші тізімде тұрған бұл газет – 878 млн теңге алыпты.
Бұдан төменгі тізімдер құлдилап келеді де, ары қарай ұсақ-түйек сайттар мен мемлекеттің қарауынсыз қалған БАҚ-тар үзіп-жұлып бірдеңе алған болады. Талайы соған да мәз.

Vlast.kz-тен алынды.
Соңғы уақыттарда, тендерді берудің талаптарына өзгеріс енгізу туралы мәселені Ақпарат және коммуникация министрлігі де айтып қалып жүр. Мем.тапсырыс орындалды деген жалаң сілтеме ғана емес, оны халық қаншалықты оқып жатыр, әсері қалай деген мәселе де қамтылмақ-мыс. Бірақ, «оқылым» мен «қаралымды» қолдан жасауда көп қиналмайтын Қазақстан медиа саласында бұл мәселені айналып өтудің аса қиындығы болмайтыны да айтылады…
Фото: aif.by