Шымкент қаласының әкімі Абай ауданы әкімінің қорытынды есебіне қатысты

2571
Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың халық алдындағы қорытынды есептік кездесуіне жергілікті тұрғындар, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қалалық мәслихаттың депутаттары, қалалық құрылымдық басқарма басшылары, аудан аумағындағы өндіріс, көлік кәсіпорындары, коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің, білім және денсаулық сақтау салаларының басшылары мен өкілдері, ішкі істер басқармасының қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бұхарбай Парманов алдымен жыл бойы ауданның экономикалық жағдайын жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру барысында атқарған жұмыстарына тоқталды. Әсіресе, тұрғындардың басты қажеттілігі – жол, жарық, ауыз су, қаланың тазалығы, көгалдандыру мен абаттандыруындағы нақты қолға алған шараларды баяндады. Дегенмен, халық тығыз шоғырланған ауданда алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар жетерлік.
Жиынға қатысқан тұрғындардың басым көпшілігін ауыз су, көгілдір отын, сапалы электр жүйелері және қоғамдық көліктің мәселесі толғандырады. Тағы бір шешімін таппай келе жақтан мәселенің бірі – құжат рәсімдеу. Аудан аумағындағы 7 елдімекенде құжаттары жоқ және толық рәсімделмеген 2160 үй бар. Олар — қалаға Сайрам, Ордабасы, Төле би аудандарынан қосылған елдімекендері.
– Біз ол үйлерге қатысты талдау жасадық. Жаңаталап, Игілік елдімекендерінде рәсімделмеген 868 үй болса, оның 754-не мүлдем құжат жоқ. 114 үйдің құжаты жер комисиясының қорытындысы берілген. Сәуір айына дейін түгендеу жұмыстарын жүргізіп, шілде айынан бастап уақытша 2 жылға шешім беріледі. Әрі қарай тиісті құжаттарды алады, — деді аудан әкімі.
Жарыссөзге шыққан Жаңаталап шағынаудандық ардагерлер кеңесінің ардагері Жалғасбек Тұрғынбаев елдімекенге алыс-жақыннан қоныс аударған тұрғындардың құжаттарын рәсімдеуді жеделдетуді сұрады. Ақсақалдың айтуынша, жер құжатының рәсімделмеуіне байланысты көптеген тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектерді ала алмай келеді. Ал Тәуелсіздікке 20 жыл елдімекенінің тұрғыны Малика Төлегенова тозығы жеткен мектеп пен шаруа қожалықтарының тазалық мәселесін шешіп беруін сұрап, өтініш білдірді.
Аудан әкімі Бұхарбай Пармановтың қорытынды есебінде тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған қала әкімі инфрақұрылымды дамыту және коммуналды мәселені шешуде жергілікті халықтан сабырлық танытуды сұрады.
– Шымкент – республикадағы аумағы жағынан ең үлкен қала. 2018 жылы 19 маусымда Елбасының жарлығына сәйкес дербес қала мәртебесін алдық. Биыл алғаш рет өз бюджетіміз болады. Қаладағы түйіткілді мәселелерді тікелей Президент Әкімшілігі және Үкімет арқылы шешеміз. Биыл қалаға 1000 қоғамдық көлік алдырып жатырмыз. Жыл соңына дейін биылғы жоспарда бар мәселелеріңізді қараймыз, — деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Аудан басшысының есебіне оң бағасын берген қала әкімі жиын барысында өтініш-тілектерін айтқан тұрғындардың мәселелерін тез арада қарауды тапсырды.
Дереккөз:ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ