Ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық мұралар, тарихи жәдігерлер мен киелі орындар қандай сыни жағдай болмасын, арзан әжуә мен жеңіл күлкінің «обьектісіне» айналмауы тиіс. Әр әзілдің – шегі, сынап-мінеудің өз орны, мәселе көтерудің жөн-жосығы бар. Әлемдік мұралар тізіміне енген еліміздегі санаулы сәулеттік кешеннің бірі, түркі халықтарының тəу етер төл мақтанышы, айналасында қазақ хандары мен билері, тұғырлы тұлғалары мен баһадүр батырлары мәңгілік қоныс тапқан кесенені жұртшылық арасында келеке етіп қадір-қасиетін түсіруге, абырой-беделіне нұсқан келтіруге ешкімнің де қақысы жоқ!
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің арғы жағындағы ғимараттың түтінін мавзолейдің төбесінен шығарып қойған фотограф пен осы фотошопты таратушылардың азаматтық көзқарасы мен өзіндік ұстанымы қанша өзекті десеңіздер де, көне шаһардың бүгінгі келбетіне кепілдік бере алмайды. Керісінше туған жерді сүю, әрбір тасын қастерлеу, тарихи-мәдени мұраларды құрметтеу сезімдерінен алыстап бара жатқанымызды байқатады.
Иә, Түркістан халқының басым бөлігі жылыту маусымы кезінде көмір тұтынады. Бірақ бұл көне шаһар облыс орталығына айналған жарты жыл ішінде қалыптасқан жағдай еместігін естен шығармаған абзал. Қала – облыс орталығы болып жарияланған сәттен бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жергілікті тұрғандардың 30 пайызы көгілдір отынға қол жеткізсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 60 пайызға өспек. Ал келесі жылы 100 пайызды қамтылғалы отыр. Қаладағы осындай оң өзгерістер мен әр саладағы іске асып жатқан және болашақтың еншісіндегі ауқымды жобаларды көре отырып қаперге алмау немесе мүлдем хабарсыз болу, сондай-ақ жағымды жаңалықтарға көз жұма қарап, негізсіз ақпарат таратудың арғы жағында жауапкершіліктің жататынын да ұмытпаған жөн. Мәселеге терең үңілмей, біржақты бұра тартып, әлеуметтік желі арқылы мысқыл контенттер жариялау кәсіби біліктілікке де күмән келтіреді.
Қазір жаңа облысты мұқатып, келемеждейтін емес, ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, халық болып қолдап, жанашырлықпен демеп, аяғынан тұрғызуға күш салатын уақыт.
Түркістанды түркі әлемінің тал бесігіне айналдыруды көздеп отырған Елбасының бастамалары мен мемлекеттік саясатты елге дұрыс жеткізу – басты міндет. Қала бір күнде, тіпті бір жылда да салынбайды. Қордаланған мәселелердің барлығы бүгін-ертең өздігінен шешіліп кетпесі де анық. Қаншама күш-жігер мен еселі еңбекті, ең бастысы біраз уақыт пен аздаған сабырлықты қажет етеді. Барлық мәселе облыс әкімі мен тиісті мекемелердің жіті бақылауында. Сондықтан мәселе көтереміз деп, әлемнің сегізінші кереметі саналатын, түркітілдес мұсылмандардың «екінші Меккесі» атанған мавзолейді мазаққа айналдырмайық! Туристік орталық Түркістанға өзімізден бөлек, туыстас елдер мен дүниежүзі мемлекеттерінің назары ауып, көз тігіп отырғаны жадымызда тұруы тиіс!
Қаншайым Байдәулеттің фейсбуктағы жазбасынан