Түркістан облысында еліміздің білікті генетиктері бас қосты

1517
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында «Дәрігердің клиникалық практикасына генетикалық диагностиканың заманауи әдістерін енгізу» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті. Ауқымды шараға ҚР ДСМ штаттан тыс генетигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Святова мен жергілікті мамандар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ауқымды шара облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев пен клиникалық аурухананың бас дәрігері Марат Пашимовтың, сондай-ақ өңірдің бас неврологы Назира Асанованың ұйымдастыруымен өтті. Семинарға қатысқан сала мамандарының айтуынша, бүгінде көптеген тұқым қуалайтын және басқа да қауіпті кеселді ерте анықтайтын және алдын алатын амалдар табылған. Әлем бойынша алғаш рет елімізге әкелінген жаңа тандемді масс-спектрометрия моделінің көмегімен нәрестенің 1 тамшы қанынан 49 түрлі генетикалық ауытқудың бар-жоғын білуге болады. Бұл аппарат әзірге инвесторлардың қаржысына жекеменшік емханаға әкелінген.

Түркістан облысында еліміздің білікті генетиктері бас қосты

«Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаппай қолданысқа енгізуге мүмкіндік бар. Жаңа технологияның арқасында зат алмасу бұзылуынан болатын ауытқулар — муковисцидоз, фенилкетонурия, ацидоз ауруларын анықтауға болады. Кесел сәби кезінде анықталып, тиісті емін қабылдаса, аурудан айығуға әбден болады. Мұндай мүмкіндікке Түркістан облысының бүлдіршіндері де алғаш рет қол жеткізді. Осылайша ана мен бала өлімін, мүгедектікті төмендетіп, криптогенді инсульттердің себептерін анықтау мүмкін болмақ»,- дейді Алматы қаласындағы молекулярлық медицина орталығының өкілдері.

Түркістан облысында еліміздің білікті генетиктері бас қосты

Жиында хромосомалық және тұқым қуалайтын ауруларды перинаталдық диагностикалаудың қазіргі заманғы генетикалық әдістері мен нейробұлшықет аурулардың молекулалық — генетикалық диагностикалау, сондай-ақ эклампсияға және жүкті және босанғаннан кейінгі әйелдердің инсультіне бейімділігіне скрининг жүргізу мәселелері жайлы айтылды. Түркістан облысының  неврологтары мен неонатологтары, педиатрлар мен акушер — гинекологтар, ультрадыбыстық пренаталдық диагностика дәрігерлері мен психиатрлар ауқымды семинар аясында күрделі клиникалық жағдайларды талдады.