Барлық мемлекеттік органның сайты қашан біріктірілетіні белгілі болды

1438
Аудандар әкімдігінен бастап үлкен ведомстволарға дейінгі мемлекеттік органдардың жүздеген сайты жабылып, орнына бір портал ашылады.
Барлық ведомствоға ортақ мемлекеттік портал сәуір айында іске қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Дәурен Абаев айтты.

Биыл біз мемлекеттік органдар үшін бірыңғай интернет-портал ашамыз. Жүздеген сайттың орнына біреу. Оның ішінде әкімдіктер, аудан әкімдіктері бар. Қаржыландырудың бәрі жабық және бірыңғай портал шеңберінде болады. Қазір ол сынақтан өтіп жатыр және бірінші кезекте тұтынушының қажеттілігіне бағытталады, – деді министр.

Дәурен Абаевтың айтуынша, порталда барлық ведомство мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынады. Сайттың барлық бөлімінің мәліметін жаңартумен арнайы бөлім айналысады.

Сайттың атауы – Gov.kz. 2 жыл ішінде біз барлық мемлекетті сайтты жабамыз. Бұдан шамамен 1 миллиард теңге үнемделеді. Бұл – қаржының айтарлықтай үнемделуі және бұдан сапа күрт жақсарады, – деді Дәурен Абаев.

Мемлекеттік органдардың бірыңғай сайтын жасауда Ұлыбритания тәжірибесі негізге алынған. Еске салайық, бірыңғай мемлекеттік портал құрылатынын Дәурен Абаев бұған дейін қыркүйек айында ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында мәлімдеген еді.
Дереккөз:Baribar.kz