Шымкентте алғаш рет электрондық коммерция орталығы ашылады

1527
Шымкентте  электрондық коммерцияны дамыту ісі қолға алынды. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазпочта» АҚ және «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арасында үшжақты ынтымақтастық меморандумы түзілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Меморандум аясында қаланың алғашқы электрондық коммерция орталығы ашылады. Бұл жұмыстар Шымкент қаласы әкімдігінің 2019-2021 жылдарға арналған жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарының негізінде атқарылып отыр.
Бұл жоспарда электрондық коммерцияны дамытуға ерекше назар аударылған. Мысалы, әзірленген қолдау шараларының бірі — Қазақстан мен Өзбекстан бойынша Шымкент интернет-дүкендерінің тауарларын жеткізуге жұмсалатын шығындарды өтеу. Тауарларды  «Қазпошта» АҚ жеткізеді. Сонымен қатар, бір терезе қағидасы бойынша бизнес үшін бірыңғай қызмет супермаркетін ашу қарастырылған.
Құрылған «Бизнес-супермаркет» аумағында «Қазпошта» АҚ-мен бірлескен электрондық коммерция орталығы құрылады. Бұл — Шымкенттегі ең алғашқы осындай орталық. Онда е-commerce саласында алғашқы қадамын жасайтын кәсіпкерлер қайтарымсыз негізде оқытудан өтеді және меншікті сауда интернет-алаңдарын әзірлеуде, халықаралық сауданы жүзеге асыруда әдістемелік көмек ала алады.
Көрсетілген қолдау шаралары Шымкент қаласының ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірінің электрондық коммерциясын дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
Шымкентте алғаш рет электрондық коммерция орталығы ашылады