Мақтааралда әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы семинар өтті

996
Мақтаарал ауданында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы семинар өтті. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков төрағалық еткен жиынға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Лаура Сапарбекова, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, аудандық дербес бөлім басшылары, аудандық ауруханалардың бас дәрігерлері, мектеп директорлары және есепшілер қатысты.
Алғаш болып сөзге шыққан Л.Сапарбекова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүесіндегі өзгерістер туралы баяндама жасап, жаңа жүйенің пайдасы туралы кеңірек түсіндіріп берді.
«Жаңа жүйенің арқасында азамат өз таңдауы бойынша еліміздің аумағындағы кез келген емханада тегін медициналық көмек ала алады. Емханаға қажетті қаржыны толығымен қор өтейді. Кез келген дәріханада ұсынылатын дәрілік заттар қол жетімді болады. Сондай-ақ, азамат сақтандыру жүйесі арқылы аударылған жарналар мен медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтер туралы ай сайынғы ақпаратты алу мүмкіндігіне ие болады. Сапасыз қызмет көрсетілсе немесе құқықтары бұзылса, қор арқылы өз мүддесін қорғай алады» — деді Л.Сапарбекова.
Жиын барысында аудан мамандары тарапынан бас сарапшыға бірнеше сұрақтар қойылып, оған заң аясында тиісті жауаптар берілді. Сондай-ақ, семинарды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков міндетті медициналық сақтандыру бойынша аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жалғасын табатынын атап өтті.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі