Дзюдошы Серікжанов Мароккодағы Гран Придің қола жүлдегері атанды

1197
Қазақстандық дзюдошы Ерлан Серікжанов Мароккода өтіп жатқан Гран При жарысының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның дзюдо федерациясына сілтеме жасап.
Ол жұбаныш финалында өзбекстандық қарсыласы Шахрам Ахадовты ұтты.
66 келіге дейінгі салмақта күрескен Ерлан жарыс барысында 5 кездесу өткізіп, оның 4-еуінде жеңіске жетті.
Алғашқы қарсыласы испаниялық Даниель Перез Романды иппонмен екінші белдесуінде сербиялық Страхиния Бунцикті жеңді. Ширек финалда Италия спортшысы Пираз Маттеоны ұтып, жартылай финалға шықты.
Жартылай финалда мысырлық Әбделмаугоуд Мохамедке есе жіберіп, жарыстың қола жүлдесі үшін күресуге мүмкіндік алған болатын.
Еске сала кетсек, Мароккода өтіп жатқан дзюдодан Гран При жарысына 71 елден 487 дзюдошы тіркелген болатын. Жарысқа Қазақстан құрама командасынан 19 дзюдошы қатысуда.