ТҮРКІНІ ТҮГЕНДЕГЕН ТАРЛАН ТАЛАНТ

1905
Шымкенттегі қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының аясында ақын, әдебиет сыншысы, лингвист, аудармашы, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, нәзіртанушы, түркітанушы, драматург, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі Сәрсен Бек Сахабаттың 65 жасқа толған мерейтойына арналған «Садағын сағымға ілген Сахабат» атты шығармашылық кеш өтті. Оны белгілі журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Константин Симонов атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың және Алтын медальдің иегері Нармахан Бегалыұлы ашып, одан әрі жүргізіп отырды. Кітапхана директоры, журналист, жазушы, Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Күлия Айдарбекова кеш иесіне деген жүрекжарды ізгі тілегін ақтара келе оған естелік сыйлық ретінде кітаптар топтпмасын тарту етті. Ақын Дәркен Танабаев, фантаст жазушы Сарманбай Исақ, ғалым, филология ғылымының кандидаты, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова, журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Әліп сөз сөйлеп, мерейтой иесінің өмір және шығармашылық жолы жайлы ойларын ортаға салды. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің магистранттары —Аймүсін Сапарәлі, Ұлдана Сейдан, Исабек Әзімхан ақын жырларын жарыса оқумен ерекшеленді. Соңында кеш иесі сөз сөйлеп, қазіргі әдебиеттің жай-күйіне тоқталып өтті.
Мерейтой иесі бойына санқырлы өнер жинаған тарлан талант десек, әсте жаңылыса қоймаспыз. Сәрсен Бек Сахабат 1954 жылы 24 наурызда Түркістан қаласында дүниеге келген. Орта мектепті күміс медальмен бітірген. Өзінің еңбек жолын кеңшарда жұмысшы болып бастаған. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) филология факультетін тәмамдаған. Қазақ КСР мемлекеттік кітап палатасында библиограф, аға библиограф, «Кентауская правда» газетінде аудармашы, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Абызтөбе» орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып істеген. Шымкентте Мәдениетті қолдау қорының қоғамдық негіздегі басқарма төрағасы болған. «Жібек жолы», «Жайнамаз» журналдары мен «Заң және заман» газетінде редактор, «Темірқазық» журналы мен «Мәдениет» газетінде бас редактор, Оңтүстік Қазақстан облыстық Өнер ордасында бас маман, Нәзір Төреқұлов атындағы Халықаралық қордың вице-президенті, Жұмат Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі-менеджер, облыс әкімдігі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру және пайдалану орталығының жетекші маманы қызметін атқарған.
Ол өзінің «Сағындырған саңлақ Саттар», «Сөз мүсіні», «Қаратау қаламгерлік қазынасы», «Тұмадай тұнық Тұтқабай», «Назымгөй нақыш Нармахан», « Махаббат мақам Мархабат» атты еңбектерінде Саттар Ерубаев, Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов, Әдіһам Шілтерханов, Тұтқабай Иманбеков, Нармахан Бегалыұлы, Мархабат Байғұттың шығармашылық портреттерін сомдап, мәшһүр «Қаратау мектебін» теориялық тұрғыдан тұжырымдай білген. Қалдаяқов хақында «Шәмшіғұмыр», Жандарбеков жайында «Қынсыз қылыш Құрманбек» деп аталатын зерттеу еңбектері өнер тақырыбына арналған. Федор Тютчев, Александр Блок, Анна Ахматова, Х.Р. Хименес жырларын төл тілімізде сөйлетіп, «Жазды аңсаған жүрек қағысы» кітабын шығарған. Жақында «Қырғауыл қонған жиде тал» атты жыр жинағы жарық көрді. Ақындар —Қуаныш Төлеметов, Қаныбек Сарыбаев, Бөріғазының Өскені, Ханбибі Есенқарақызы, Аян Нысаналин, Қабылбек Төретайұлы, Есенғали Раушанов жайлы өлеңдер мен зерттеу еңбектер жазған. Жұмат Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрында (қазіргі Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театры) «ТурЦИК төрағасы», «Кеме қалған» секілді поэтикалық драмалары сахналанған. Қарауылбек Қазиев атындағы әдеби, Нәзір Төреқұлов атындағы Халықараық сыйлықтардың лауреаты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің стипендиаты. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін», «БЛКЖО-ға – 95 жыл» медальдарымен марапатталған. Ресей Психология ғылымдары Халықаралық академиясының Құрметті мүше-корреспонденті. Бірқатар жыр мүшәйраларының жеңімпазы және жүлдегері атанған.
Сәрсен Бек Сахабат жайлы академик Рахманқұл Бердібай, ғалымдар Жұмабай Әбіл, Болат Қорғанбеков,Зылиха Жантасова, ақындар — Әбілда Аймақ, Базарбек Түкібаев, әдебиетші Жадыра Оразәлиева жүрекжарды жылы пікір жазған. Бір сөзбен айтқанда, түркіні түгендеген тарлан талант өте қарапайым жан. Көп білемін деп кеуде кермейді, дандайсып, мақтанбайды. Алайда, әдебиет, мәдениет, өнер, тарих төңірегіндегі пікірталастарда ағынан жарылып, бетің бар, жүзің бар деместен, туралықты айта біледі. Денсаудығының біраз сыр бергеніне қарамастан, шығармалық кешке келіп, өз оқырмандарымен қуана қауышқан қаламгерге біз де мықты денсаулық пен шығармашылық шалқар шабыт тілеп қаламыз.
Ә. ДОСЫБЕК,
Шымкент қаласы.