Түркістан қаласында өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Түркістан облысының басқару схемасын бекіту туралы мәселе қаралып, облыстағы басқармаларды қайта құру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шешімге сәйкес, Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы — облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы, Түркістан облысының қаржы басқармасы — қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы болып қайта құрылды. Ал облыстық ішкі саясат, дін істері, отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармалар — Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы болып біріктірілді. Бұдан өзге, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасы -кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен инвестиция және экспорт басқармасы болып екіге бөлінді», — делінген облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы — Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы — облыстық мәдениет басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы — облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы, Түркістан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы — облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы — туризм басқармасы болып қайта құрылды.
Қалған 13 басқарма өзгеріссіз қалды. Жалпы шешім бойынша облыс әкімдігінде алдағы уақытта 23 басқарма жұмыс істейтін болады.