Алтынай Жорабаева әйел ерді, ер әйелді сыйлау үшін не істеу керектігін айтты

1686
Алтынай Жорабаева үй шаруасына келгенде қолынан келмейтін іс жоқ екеніне сенімді. Әншіге жастайынан барлығын үйреткен — анасы. Сол үшін де өнер иесі ол кісіге алғыс айтудан шаршамайды.
«Асыл арна» арнасына берген сұхбатында Жорабаева анасынан көрген тәрбие жайлы сыр шертті, деп жазады Stan.kz.
«Анамыз бізге мына затты былай істе деп үйреткен емес. Тек қана мен жасаған дүниеге зейін қойып, қарап жүріңдер деп үйретті. Оңтүстікте қыз баласын дүниеге келгеннен бастап келін болуға тәрбиелейді. Барған жеріңде осындай болады деп бүкіл үй шаруасын үйретеді. Екі-үш рет көргеннен кейін ол жұмысты бізге тапсырады. Оны білмеймін деп айтуға хақың жоқ», — дейді Жорабаева.
Күндердің күнінде әнші достарының үйіне қонаққа барған. Үйдегі жеңгейдің қолынан біраз шаруа келмейтінін көргенде әнші анасын еске алған. Бар шаруаны үйреткені үшін алғыс айту үшін уақытқа да қарамай, түн ішінде хабарласқан. Анасын осылайша қорқытқан.
«Мен білмеймін деген үй шаруасы жоқ екен. Біздің үйде ер азаматтың жұмысы, қыздың жұмысы деген жоқ. Мысалы, менің қолым тимей жатса, еденді жууға бауырым көмектесуі мүмкін. Сиырдың қиын тазалау керек болса, жалғыз өзі зеңбілді көтере алмайды ғой. Барып көмектесе салатынмын. Қойдың жүнін қырқа саламын, тек қана малды бауыздамаймыз. Күбіні інім Талғат, ағам Бегімжан келіп істей салатын. Сонда ғана әйел адамды ер азамат сыйлай біледі, ер азаматты әйел сыйлай біледі», — дейді Жорабаева.