Қарамағындағы қызметкердің жемқорлығы үшін отставкаға кеткен алғашқы облыс әкімі: Шөкеев қандай ісімен есте қалды?

870

Өмірзақ Шөкеев – қол астындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін отставкаға кеткен алғашқы облыс басшысы. Сот облысқа қарасты Кентау қаласының экс-әкімі Дәурен Махажановтың қылмысын дәлелдеп, Шөкеевтің отставкаға кету туралы өтінішін Мемлекет басшысы мақұлдады.

Осы жылдар аралығында түркі әлемінің мәдени орталығы ретінде ерекше міндет жүктелген Түркістан өңірін Шөкеев төрт жылда қалай басқарды, қандай ісімен есте қалды деген сұрақтарды Halyq Uni тілшісі сарапшыдан сұрап көрді.

ТОҒЖАНОВ ЖАУАП БЕРГЕН ЖОҚ

Сарапшы Жанат Нұрғалиев Шөкеевтің қарамағындағылардың жемқорлығымен ел есінде қалғанын, сол себепті қандай да бір саяси жоғары лауазымды орынға қайта тағайындалмауға тиіс екендігін айтады.

«Өкінішке қарай, бізде барлығы осылай жасай бермейді. Мәселен, Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының әкімі болып тұрған тұста бірінші орынбасары 10 жылға сотталғанын көріп отырмыз. Бірақ Тоғжанов қазір жоғары қызметтерді атқарып отыр, яғни Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Қол астындағы қызметкерінің қылмысы үшін жауап берген жоқ. Бірінші басшыға қарамағындағылардың жемқорлық әрекеттері үшін жауап бергені өте қажет», – дейді ол.

ШӨКЕЕВТІҢ ТҰСЫНДА БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ҚАЛАЙ ИГЕРІЛДІ

Облыстың соңғы екі жылдағы бюджетінің оңтайлы орындалуына қатысты мемлекеттік сатып алу жөніндегі маман мынадай дәйек келтірді.

«Түркістан облысының 2020-2022 жылдардағы бюджетін салыстырар болсақ, бір жарым есеге өсіп, 1 трлн 100 млрд теңгеден асты. Ал 2020 жылы шығын 731 млрд теңгені құраған. Меншік салықтың жалпы үлесі 2020 жылы 3,8% болса, 2022 жылы 5% ғана. Қалғаны республикалық бюджеттен берілетін трансферттерге, тәуелділігі жоғары трансферттерге түседі», – деп атады Жанат Нұрғалиев.

Сондай-ақ сарапшы Түркістан облысында мемлекеттік сатып алулар конкурстан тыс негізде ынталандырылғанын айтады. Ал шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша Үкімет айқындаған тұлғадан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу арқылы жүзеге асырылады.

80 ПАЙЫЗ КЕЛІСІМШАРТ ТІКЕЛЕЙ ЖАСАЛҒАН

«Барлық дерлік сатып алулар бір көзден жасалады. Шөкеев облыс бюджетіне триллион теңгеге жуық қаржыны бәсекелестікке жатпайтын жолмен сатып алған. Тіптен бюджеттік бір ғана администратор – құрылыс басқармасын алайық. 2020 жылы 41 млрд теңге көлемінде болатын 198 келісімшарт бар болса, оның 186 келісімшарты бір көзден сатып алу әдісі арқылы жасалған. Тіптен 100 пайызға жуық деп айтуға болады. 2021 жылдың өзінде 102 млрд теңгеге 637 келісімшарт болса, оның ішінде құны 81,5 млрд теңге болатын 80 пайыз келісімшартты бір көзден сатып алу әдісімен жасасқан», – деген маман сатып алулардың дені бір көзден бәсекелес емес жолмен жүзеге асырылғанына айтады.

Ол осы сияқты құны 5 млрд теңге болатын салынып жатқан Оқушылар сарайына жұмсалатын қаржының да күмәнді жолмен игеріліп жатқанын атап өтті. Айтуынша, іс жүзінде қарастырылған бюджеттің жартысы ғана жобаға жұмсалса, қалғаны «откат» ретінде алынды.

«Яғни, сыбайлас жемқорлықтың өте жоғары деңгейі Түркістан облысына, оңтүстікке тән. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылым нысандары сапасыз, халықты қамтамасыз ету сапасы жылдан жылға шешілмей келеді. Шөкеев бір көзден сатып алу әдісі арқылы қаржыны игере отырып, табыс тапты», – дейді Жанат Нұрғалиев.

АУЫЗСУ, ЖҰМЫССЫЗДЫҚ, КЕДЕЙЛІК

Мемлекеттік сатып алулардан бөлек, Түркістан облысындағы өзекті мәселенің бірі – ауыз су тапшылығы. Аймақтағы ауыл тұрғындары бүгінге дейін ауыз су тапшылығын айтып, редакцияға бірнеше мәрте хат та жолдаған. Одан бөлек, кедейшілік, жұмыссыздық, мектеп жетіспеушілігі де шешілмеген мәселелер ретінде бірінші аталады.

Мәселен, 2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, ең жоғары жұмыссыздық деңгейі де Түркістан облысында тіркелді – 5,2%. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,3 пайызға артық.

Түркістан облысы қазірдің өзінде аймақтағы кедейліктің жоғары деңгейін өткеріп отыр және мұндай жағымсыз динамика жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Осы ретте облыс әкімі ретінде өңірдің өзекті мәселелерін шеше алды ма? Нақты қай салаларда кемшілік жіберді деген сауалымызға өңірлік сарапшы Ержан Мырзатай облыста ауыз су тапшылығы өзекті болып отырғанын жеткізді.

«Су тапшылығына келсек, Кеңсай – Қосқорған-2 су қоймасы салынғанын білесіздер. «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында ағын су тапшылығын шешуде каналдарды бетондап, жөндеуден өткізіп жатыр. Бұл – ауылшаруашылығы, мал шаруашылығына көмек. Ал ауыз су тапшылығы өзекті болып келді, өзекті болып қала бермек», — дейді Ержан Мырзатай.

Сарапшының айтуынша, қазір облыста үш ауысымда оқытылатын алты мектеп бар. Жауапты ұйым өкілдері 2022 жылдың соңына дейін жоспарға сәйкес 34 мектеп пайдалануға берілетіндігін айтып отыр.

Айта кетелік, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, биыл алғашқы тоқсан бойынша кедейшіліктің ең жоғары деңгейі Түркістан облысында (8,3%) тіркелген.

Облыс өз күшімен қазынаны 10,9 пайызға ғана толтырады, кірістің 90 пайызға жуығы республикалық бюджеттен түсетін трансферттер түрінде келеді.

Halyq Uni бұған дейінде Түркістандық шенеуніктердің бизнесі мен облыс басшылығына қатысы бар күмәнді бизнес-схема туралы көлемді мақала жариялаған болатын. Мақалада облыстағы лауазымды тұлғалардың Визит орталық ғимаратын заңсыз жолмен меншіктеп алмақ болғандығы баяндалады.