Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Қазығұрт ауданына барды. Алдымен «Қазығұрт» индустриалды аймағына аялдаған өңір басшысы ондағы кәсіпорындар мен өндірілетін өнім түрлерімен танысты. Әуелі аймақта орналасқан сусын өндіретін Көрік ЖШС-на барды. Алкогольсіз табиғи шырынды сусындар шығаратын кәсіпорын 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 8 тонна сусын өңдейді. Онда 21 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Одан кейін Өмірзақ Шөкеев Шарапхана ауыл округінде орналасқан «Қазығұрт Нұры» ЖШС-нің жылыжайында болды. Жалпы аймағы 2,9 гектарды құрайтын қызанақ пен қияр өсіретін шаруашылықты аралады. 2001 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан серіктестіктің төрағасы Аманжол Әшірбаевтың айтуынша, жылыжайдан өткен жылы жалпы 340 тонна өнім алынған. Алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайту жоспарлануда. Жылыжайда 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусым кезінде олардың саны 30-35 адамға дейін жетеді. Айлық жалақылары 55-70 мың теңге көлемінде. Шаруашылық жұмысымен танысқан өңір басшысы шаруаларға жылыжай кешеніне қажетті жабдықтарды отандық өндірушілерден алу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, облыс әкімі Қазығұрт ауданына сапары аясында 70 гектар жерге қарқынды бау шаруашылығын дамытып отырған «Бірлік» АӨК өндірістік кооперативінің жұмысын аралап көрді. Онда қазір алманың «Голден», «Делишес», «Ред Делишес», «Гала Фуджи», «Грени», «Смит» сынды түрлері өседі. Аймақ басшысы алма бау көлемін ұлғайту мақсатында қожалық иесіне Түркістан қаласынан жер телімі берілетінін айтты. Сондай-ақ, қарқынды бау көлемін көбейтуде аудан басшылығына кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау мен жер мәселелерін дер кезінде шешу қажеттігін тапсырды.
Бұдан басқа, «Қайып ата» ЖШС қожалығының жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шетелге ет өнімін экспорттау үшін қожалықты арнайы реестр тізіміне қосып, қолдау көрсетілетінін жеткізді. «Қайып ата» ЖШС-нің мал бордақылау кешені Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылында орналасқан. Кешенде бүгінде 5 мыңға жуық ірі қара бордақылануда. Кешенде өсірілетін төрт түліктің еті экологиялық жағынан таза әрі сапалы болғандықтан сұраныс өте жоғары. Сондықтан серіктестік ет өндіріп қана қоймай, оны шет елдерге экспорттау жұмысын да қолға алған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі