24 маусымда Шымкентте Сенат депутаттығына сайлау өтеді — ҚР ОСК

1362
Шымкент қаласынан ҚР Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының орнына жаңа сайлау 2019 жылдың 24 маусымына бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаулы жобасын ҚР ОСК Төрағасының орынбасары Константин Петров таныстырды.
Бұған дейін Парламент Сенатының депутаты сайланбалы лауазымын атқарған Дархан Аманкелдіұлы Сатыбалды ҚР Президентінің 2019 жылғы 18 наурыздағы Жарлығымен Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елші болып тағайындалды. Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылдың 19 наурызында Д. Сатыбалдының Сенат депутаты ретіндегі өкілеттілігін тоқтату қаулысын қабылдады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, депутаттың өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату оның орнына сайлау тағайындау үшін негіз болып табылады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы депутат өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатқан соң, екі айдан кешіктірмей сайлау тағайындайды.
Сонымен бірге, Шымкент қаласынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты орнына сайлауды даярлау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Күнтізбелік жоспар сайлау науқанын өткізу кезінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес жасалды.
Ұсыну сайлау тағайындалған күннен соң — 2019 жылдың 27 сәуірінде  басталып, 24 мамырда аяқталады. Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну республикалық маңызы бар қала мәслихаттар сессияларында немесе өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен жүргiзiледi.
Сенат депутаты лауазымына 30 жасқа толған Қазақстан азаматы, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, сондай-ақ өзіне тиісті өңірде кемінде үш жыл тұрақты тұрған адам сайлана алады. Кандидаттарды тіркеу тиісті құжаттарды алған соң басталады және сайлауға дейін жиырма күн бұрын, 3 маусымда сағат 18:00 аяқталады.
Парламент Сенатына кандидаты болып тіркелу үшін таңдаушылардың — Шымкент қаласы мәслихат депутаттарының қолдауын алу қажет. Сайлауалды үгіт 2018 жылғы 3 маусымда сағат 18:00-де басталып 22 маусымда аяқталады. Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт жұмысын жүргізуіне республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді.