Биыл «Қазақстан аруы» тәжі үшін еліміздің түкпір-түкпірінен 32 қыз бақ сынады
Нұр-Сұлтанда еліміздің ең сұлу қызы таңдалды. «Қазақстан аруы 2019» титулын павлодарлық Мәдина Батық жеңіп алды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сұлулық байқауының финалы бүгін, 2 мамырда Nomad City Hall концерт залында өтті.
Конкурс барысында жеңімпазға қымбат бағалы тастармен, інжумен безендірілген тәж кигізіліп, үш миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды. Сондай-ақ бойжеткен жоғары сапалы брендтермен көптеген жарнамалық келісімшарт, Парижге жолдама және еліміздің атынан «Әлем ару» байқауына қатысуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, конкурс ашық болуы үшін әділ-қазылар бес финалисті іріктеп алды, ал елдің бірінші аруын онлайн және sms-дауыс беру арқылы қазақстандықтардың өздері таңдады.
Сонымен бестікке Диана Әбішева (Алматы), Сәния Мірғалиева (Нұр-Сұлтан), Мәдина Батық (Павлодар), Надежда Недосекова (Семей), Балжанат Анас (Шымкент) енді.
Халықтық дауыс беру қорытындысы бойынша Диана Әбішева бірінші вице-мисс атанды. Екінші вице-мисс титулын Надежда Недосекова иеленсе, үшінші вице-мисс титулы Сәния Мірғалиеваға бұйырды.
«Туризм аруы 2019»
Биыл XXII ұлттық сұлулық байқауы жаңа форматта өтті. Қатысушылардың әрқайсы финал алдында өзінің туған өлкесі туралы видеоролик түсірді.
Сонымен, өз өңірін үздік таныстырғаны үшін «Туризм аруы 2019» титулы шымкенттік Балажан Анасқа берілді. Ол енді бір жыл бойы Kazakh Tourism ұлттық компаниясының бет-бейнесі болады.