90 жастағы түркістандық қария Жапония үкіметін сотқа берді (видео)

1465
Түркістан облысында 90 жастағы қария Жапония үкіметін сотқа берді. Төле би ауданы, Леңгір қаласының тұрғыны Мамед Әлиев аталған елдің билігінен 7 миллион АҚШ долларын өтеп алмақшы. Өйткені оның ауласында кезінде жерленген 24 жапондық жауынгердің сүйегі жатыр екен. Ақсақал тиісті қаражатын өндіріп алу үшін тіпті Корея мемлекетінен де көмек сұрапты. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегін негізге алып хабарлайды.

«Бұл жерде 24 жапон әскерінің қайтыс болған сарбаздары бар. Мына үйдің қасында».

Дәл үйінің ауласында жапон сарбаздарының қаңқасы жатқанын Мамед ақсақал 60 жыл бұрын біліпті. 1959 жылы Леңгір қалалық атқару комитеті төрағасының шешімімен оған сол кездегі Островский, қазіргі Әйтеке би көшесінен оған жер телімі берілген. Жаңа үйдің құрылысын бастап жіберген тұрғын көп ұзамай адамның сүйегін тауып алған. Иә, кәдімгі ағаш табытқа салынған сүйектер. Кейінен оның 1946-1948 жылдары Леңгірде тұтқында болған жапон сарбаздарына тиесілі екені белгілі болыпты. Міне, содан бері ақсақал әлгі жерленген адамдардың сүйегінен арыла алмай жүр.

— Ол жаққа да тартады, бұл жаққа да тартады. Сол кезде горисполком маған айтты, мына үйді маған бер, мен сендерге 50 мың долларға кез келген үйді сатып алып беремін деді. Уже горисполкомның төрағасы маған клиент болды, — дейді Мамед Әлиев.

Отандастарының осында жатқанынан Жапония үкіметі де хабардар екен. 1987 жылдан бастап шетелдік делегация ақсақалдың үйіне жыл сайын келіп, кетіп жүріпті. Әр сапарларында ақсақалдың үйін мұражайға айналдырып, жауынгерлердің сүйектерін алып кету жөнінде ауызша айтқан. Сөйтіп, айналаны күтіп ұстағаны үшін қарияға 200 мың АҚШ долларын төлеуге келіскен көрінеді. Бірақ, келісім сол күйі орындалмапты.
Тіпті, жерленген азаматтардың барлығының тізімі қарияның қолында бар. Отандастарының осы жерде жерленгені туралы Жапония үкіметі де растаған. Кезінде делегация да келіп кетіпті. Сөйтіп, осы жерге мемориалдық кешен орналастыру туралы уағдаласқан. Бірақ, арада бірнеше жыл өткенде шетелдіктер ат ізін салмай, сол күйі хабарсыз кеткен. Енді үйдің қожайыны осы жерді барынша күтіп сақтағаны үшін өтемақы берсін деп талап етіп отыр.

— Бала-шағамды жоғалттым, бәрін жоғалттым, денсаулығымды да жоғалттым. Менің ақымды төлесін, болды, — дейді Мамед Әлиев.

Жапондар соңғы рет қарияның үйіне 2012 жылы келіпті. Өздерімен бірге жерленген жауынгерлердің ДНК-сын анықтайтын мамандарды да ертіп келгенге ұқсайды. Сараптама жүргізіліп, кейбір сүйектерді зерттепті. Бірақ, әкетпеген. Қабірдің бірі бүгінде ақсақалдың жер төлесінде тұр.

Тұтқындар сол уақытта Леңгірдегі бірқатар ғимараттардың құрылысын жүргізген. Баспана тұрғызған, мәдениет үйін салған. Жылу электр стансасының кірпішін қалапты. Бүгінде сол нысандардың барлығы халыққа қызмет етіп жатыр.

«Олар сол уақытта отандастарының жерленген жерін көруге арнайы келді. Өздерімен бірге мамандары да жүрді. Бірақ, қариямен қандай келісімге келгенін, неге уағдаласқандарын мен білмедім. Ақсақал үйіне шақырып, қонақ еткен еді, — Леңгір қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Вера Пакрова.

Жуырда Мамед ақсақал Жапония үкіметін сотқа берді. «Моралдық материалдық шығындарымды өтеп берсін» деп 7 миллион АҚШ долларын талап етіп отыр. Талап арызды Токиодағы орталық соты қабылдапты. Енді оның қандай шешім шығаратынын уақыт көрсетеді.