Түркістан облысында мейірбикелер марапатталды

1163
Халықаралық мейірбикелер күні қарсаңында Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің 127 мейірбикесі 50 мың теңгеден сыйақы, тағы алтауы табиғаты тамаша Бурабай шипажайына жолдама алды.
Мекеменің бас дәрігері Болатхан Сағымбеков  денсаулық сақтау саласының дамуына  өзіндік үлесін қосып, мінсіз қызмет еткен  мейірбикелерді арнайы медальмен, алғыс хатпен марапаттады. «Мейірбикелердің – медицина саласында алар орны бөлек.  Түрлі апаттарда, төтенше жағдайларда халыққа алғашқы медициналық көмек көрсетіп,  өмірін арашалап қалуға ерекше септігін тигізетін осы мейірбикелер. Сіздер 70-80 пайыз уақыттарыңызды науқастарға бөліп, оларға қамқорлық пен мейірімдеріңізді аямайсыздар»,- деді  мекеме басшысы салтанатты жиында. Ал отыз жылға жуық осы саланың ыстығы мен суығына төзіп келе жатқан диспансердің бас мейірбикесі Жұпаркүл Наурызбаева психологиялық тұрғыдан ауру екеніне сенбей, дертін асқындырып келетін науқастармен жұмыс істеудің қиын екенін жасырмады. «Туған-туысқандары білмесін деп жасырынып келетіндер көп. Мұндай жағдайда мейірбикелеріміз науқастарға ем-дом жүргізумен қатар жылы сөздерін аямай, психологиялық көмек көрсетіп жатады»,- дейді Жұпаркүл Ташкенбайқызы. Мерекелік іс-шара барысында қызметкерлер өзара спорттық сайысқа түсіп, кіл мықтыны анықтады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстық туберкулезге қарсы диспансерде 380-ге жуық орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 77,5 пайызы түрлі санаттарға ие.
Дереккөз:egemen.kz