Өмірзақ Шөкеев түркістандық спортшылармен кездесті

1193
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықаралық жарыстарда ел абыройын асқақтатып жүрген спортшылар мен олардың бапкерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аймақ әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кездесуге бокстан ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов, тоғызқұмалақтан ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Камила Көпбаева, бокстан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет, тоғызқұмалақтан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Әсел Дәлиева, тоғызқұмалақтан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы Лина Каримова және тоғызқұмалақтан спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Саят Жандарбек қатысты.
Биыл сәуір айында Түркияның Анталия қаласында өткен Әлем чемпионатында тоғызқұмалақтан жарысқа түскен жерлестеріміз сәтті өнер көрсете білді. Қазақстаннан жиырмаға жуық спортшы қатысқан дүбірлі бәсекеде түркістандықтар 2 алтын және 2 күміс медальға қол жеткізді. Атап айтсақ, Әсел Дәлиева бір алтын және бір күміс медаль алса, Лина Каримова ел қоржынына алтын жүлде салды. Ал Жандарбек Саят күміс медаль еншіледі. Осылайша, облыстың 2 өрені әлем чемпионы атанды.
Сонымен қатар Таиландтың Бангкок қаласында ұйымдастырылған  бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионатында түркістандық Бек Нұрмағанбет жеңімпаз атанған болатын.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев елдің абыройын асқақтатқан спортшылар мен білікті жаттықтырушыларға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Өз кезегінде спортшылар қауымы өңір басшысына ризашылықтарын білдіріп, алдағы байрақты бәсекелерде жеңісті жолды жалғастыруға күш салатындарын жеткізді.