Рәсуа болған рубль. Аюмен араласқанда абайлау керек!

1636

Рубль құлдырап барады.

Әрине, оның тек қана экономикалық емес, түбегейлі саяси астары да бар екені әмбеге аян. Мәселе Ресей Орталық Банкі айтқандай, экспорт азайып, импорт көбейгенде немесе сауда-саттық баланстың бұзылуында ғана емес.

Табиғи байлықты оңды-солды сатып, содан оп-оңай пайдаға кенелуге дағдыланған олигархиялық, құбыжық экономика моделі бізге де жат емес. Мұнай мен газдың бағасына тәуелді экономиканың күні жеме-жемеге келгенде қараң болатыны баршаға белгілі. Бұл қаржылық һәм қоғами қағидат Қазақстанға да тән екенін айтып қояйын.

Жұт – жеті ағайын демекші, осынау, советтік экономиканың құрсауынан шыға алмаған, оған «жабайы, бандиттік капитализмнің» сорақы салт-дәстүрлері қосылып жатқан солтүстік көршіміздің бүгінгі ахуалы ол жақтағы саналы азаматтарды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатуда.

Украинаға қарсы ашқан соғысына қатысты санкциялардың орны өзінше бір төбе. Сол төбенің көлеңкесі мен салқыны бізге де түсіп тұр.

Өз басым Ресей басшылығына осынау оғаш кезеңнің қиындықтарын пайдалануы мүмкін саяси популистердің келуінен де қорқамын. Олардың ұраны оқыс боп, түптеп келгенде, бүкіл постсоветтік кеңістікке, соның ішінде, бізге әсер етуі әбден мүмкін. Ал олар, постпутиндік президенттің айналасы, супернеоимпериалистік ұстанған болса ше? Онда әскері азып-тозған, ескі советтік, шын мәнінде, ресейлік қару-жарақпен жасақталған, әрі ортақ  әуе күштерінің бақылауындағы, қаржылық жағдайы мүшкіл бізге не шара?!

Оған біртұтас Еуразиялық Одақтың шарттарын тағы қосыңыз! Жеті жарым мың шақырым ортақ шекара ашық-шашық, кім көрінген оп-оңай кіріп шығады.

Біздің теңгеміз күннен күнге құлдырап бара жатқан ресейлік рубльге телініп қалғанын қайтерсіз!

Осынай сыртқы қауіптердің себеп-cалдары туралы ойлағанда, тіпті шошып кетесің!

Не істемек керек?

Меніңше, тығырықтан шығар үш жол бар.

Кейбір сарапшылар жазып жатқандай Еуразиялық одақтан шығу жолы орасан зор әрі бұрын-соңды боп көрмеген саяси ерік-жігерді қажет етеді, оған бүгінгі билік объективті және субъективті тұрғыдан дайын емес. Шынын айтсақ, ондай оғаш қадамның пайдасынан гөрі зияны да аз емес. Жалпы алғанда, жеті рет өлшеп, бір кесетін әдетті ұстанып, өте-мөте абай болу керек.

Соған байланысты менің бірінші ұсынысым мынадай: ЕАЭО-дан ресми түрде шықпасақ та, шекарадағы кедендік және қаржылық бақылауды күшейту керек.

Екінші шараның қосымша қаржылық астары бар: күннен күнге әлсіреп бара жатқан ресей рублімен экономикалық байланысты реттеп, ол қарым-қатынасты біртіндеп басқа валюталарға көшіру.

Әрине, мұндай қадам солтүстік көршімізге жаға қоймас, әрі оның қарсылығын туғызар. Бірақ заманауи тұрғыдан келгенде, ондай қадам әбден орынды.

Үшінші мәселенің қоғамдық-саяси әрі әлеуметтік желілерге қатысты астары бар.

Иә, әлеуметтік желілерде отырып, өз басына ешқандай да жауапкершілік алмай, «бүйтейік, сүйтейік» деп, айтақтап, оп-оңай лайк жинап, халықаралық хайпқалынуға болады-ақ.

Бірақ та, мемлекетаралық қарым-қатынас ондай жеңілтектік пен арзан арандатуды көтере алмаса керек. Оның арты үлкен халықаралық дағдарыс пен қақтығысқа ұласуы мүмкін. Құдайы көршілермен соғысудан сақтасын!

Бәлкім, қоғам сондай да, өз-өзіне, соның ішінде, әрбір тақырыптан бір күндік эффектілі, бірақ мыңжылдық кесірлі салдары бар қоғами ұпай жинайтындардан сақтану керек болар.

Әміржан Қосан

Abai.kz