ТҮРКІСТАНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ «МУЗЕЙ ТҮНІ» ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

1754
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «18 мамыр – Халықаралық музейлер» күніне орай тұңғыш рет «Музей түні» өтті.
Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және оған бағынысты бірқатар мекеме басшылары, ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасы, зиялы қауым өкілдері мен тарихшы-ғалымдар, студенттер, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

«Музей түні» танымдық шарасы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қақпасынан бастау алды.
Шарада  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы барша қонақтарды айтулы күнмен құттықтады.
-«Әр жыл сайын Музейлер күні кең көлемде аталып келді. Ал, музей түні —  әлемдік тәжірибеде бар шара. Биыл, Түркістан қаласында тұңғыш рет «Музей түні» өтеді. Түнгі екіге дейін қорық-музейге келуші барлық қонақтар түрлі танымдық бағдарламаларды тамашалап, сайыстарға қатысып, таныса алады. Мерекелік бағдарламаның бәрі рухани, танымдық шараларға негізделген. Әр Құжыра бөлмесі,   тарихи маңызына сай безендіріліп, бағдарламалары да өз ерекшелігіне сай жасалды. Баршаңызды «18 мамыр — Халықаралық музейлер күні» мерекесімен құттықтаймын!»,-деді Нұрболат Қадырұлы.
Салтанатты жиын барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі және үш қызметкерге арнайы алғыс хаты табысталды.
Қазақтың хан-батыр, билері киімін киген музей қызметкерлері тарихи тулар ұстап, елге ынтымақ-бірлік тілеп, театрландырылған көрініс көрсетті.
Музей түніне келген қонақтар кесене ішіне кіріп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында аты әлемге әйгілі Әмір Темірдің арнайы құйдырған Тайқазанның 620 жылдығы және киелі орынға оралғанына 30 жыл толуына орай мемлекет және қоғам қайраткері Ө.Жәнібековтің қарындасы этнограф А.Серім және тайқазанды зерттеуші ғалым Д.Мұстапаевпен кездесіп, тарихы жайлы мәліметтер алып, ой бөлісті.
Танымдық басқосу «Қорық-музейдің өткені мен бүгіні», «Қорық-музейдің баспа өнімдері» тақырыбындағы фото және кітап көрмесін тамашауға ұласып, мекеменің тыныс-тіршілігі мен жеткен жетістіктері және алдағы жоспарлары жайлы деректер берілді. Сондай-ақ,  Түркістан өңіріндегі Қожа Ахмет Ясауи, ГауҺар ана, Үкаша ата кесенесі мен құдығы, Сауран қалашығы, Шығыс моншасы тағы да басқа көптеген тарихи-рухани орындар жайлы экскурсия  3Д тур виртуалды көзілдірігі арқылы жүргізілді.

Музей түніне қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Кітапхана бөлмесінен ашылған «Ұлы даланың жеті қыры» залы және Үлкен Ақсарай бөлмесінде құрылған «Түркістан қазақ хандығының Ақ Ордасы»,  Асхана бөлмесінің экспозицияларын тамашалап, Хан тағының қасында батырлармен суретке түсті.
Шара барысында ортағасырлық құдық суынан дәм татып, Құдықхана бөлмесі жайлы ақпараттар алды.
Тарихи кеште Жастар жылы да назардан тыс қалмады. Шараға қатысушы жастар арасында Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін жатқа оқу және Түркістанда жерленген тұлғалар жайлы викториналық сұрақтар бойынша сайыс ұйымдастырылды.
Қасиетті Рамазан айына орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Мешіт бөлмесінде уағыз-насихат жұмыстары жүргізілді.
Музей түніне келушілер тарих тұлғалар жайлы мол мағлұматтар ала отырып, ата-бабаларымыздың күнделікті күйбең өмірі мен тұрмыс-тіршілігі жайлы көріністерден хабардар болды. Түйе, тазы ит және құсбегілер де музейге келушілерге айрықша әсер сыйлады.
Түркістанға келушілер Музейлер күніне орай сағат 18:00-02:00 аралығында қорық-музейді тегін тамашалады.
Музей түнін тамашалауға ағылған халықтың қарасы мол. Айтулы күнгі шараға Өзбекстан Республикасының зияратшылары мен Түркия, қытайлық туристер де қатысты.
-«Жалпы «Музей түні»  деген үрдісті әлемнің көптеген музейлерінен көргенмін. Бүгін міне Түркістанға келіп Қожа Ахмет Ясауи кесенесін түнгі уақытта тамашалап жатқаныма өте қуаныштымын, сіздерге көп рахмет музейлеріңізге табыс тілеймін»- деді Қытайлық турист Чжен Сунь.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК баспасөз қызметі