Алып адамдар. Аңыз ба? Әлде…

2647
Жер бетінде қазіргілерден әлденеше есе үлкен адамдардың өмір сүргені туралы аңыздар мен деректер жеткілікті
Жазушы сипаттаған жілік
2011 жылы «Жұлдыз» журналының №7 санында Мұхтар Мағауинның «Құждың қу жілігі» әңгімесі жарияланды. Жазушы тарихи деректер мен өз атасы айтқан аңыз арасын жалғап шыққан. Әңгіме делінсе де, ғылыми еңбекке бергісіз дүние.
«Ніл дарияның үстінде алып адамның жілігі көпір болып тұрғаны рас па?» Шығарма осы сауалмен басталған. Жазушы: «Сауал иесі – сәулетті Алтын Орданың патшасы, сайыпқыран Шыңғыс ханның туған немересі Берке хан. Сұрақ қойылған кісі – Мысыр патшасы әл-Мәлік әз-Захир Бейбарыс сұлтанның елшісі, Мұхамед пайғамбардың тікелей ұрпағы, сейіт Имад-ад-Дин әл-Хашими әл-Аббаси» дейді.
Содан қаламгер қазақ ішінде Құж деген сөздің асқан күш иесіне теңеу ретінде айтылатынын еске алады. Сол Құждың тірі кезінде Жер бетін басқан топан су оның тілерсегінен ғана келген. Өлгенде ортан жілігі Ніл өзенінен өтетін көпір болыпты.
Жазушы аңызбен қоса ғұламалардың еңбектеріне жүгінеді: «Мысыр мен Алтын Орда арасындағы дипломатиялық қатынастар тарихының сол заманда қағазға таңбаланған шежіресі – Ибн Абд аз-Захир мен әл-Мүфаддал еңбектерінен және… ХV ғасырда жасаған алман текті жиһанкез рыцарь Шильтбергердің естелік жазбаларынан…»
Одан әрі Шильтбергер жазбасынан үзінді келтіреді: «Бұрнада осы Египетте Ескендір атты дәу, алып кісі жасапты. Бұл өлкенің үлкен орталығы, патша тұратын Каир қаласында он екі мың наубайхана бар екен. Әлгі алыптың күш-қаруы сондай, бірде шаhарға арқалап жеткізген отыны сол он екі мың наубайхананы түгел қамтамасыз еткен. Ақысына он екі мың күлше алған екен, бәрін сол жерде жеп қойыпты. Бұл алыптың сирағы Арабияда, екі таудың арасында көпір болып тұр. Шатқалдың тереңдігі сондай, төмендегі аққан өзен көрінбейді. Арлы-бері қатынас жоқ, саяхатшы, жолаушы, керуен атаулы сол арадан ғана жүруге мәжбүр. Бұл көпірдің аузында керуенші көпестерге арнайы салық салынады, одан түскен ақшаға ағаш майын сатып алып, қу жілікті майлап отырады, шіріп, қаңсымас үшін. Жіліктің ұзындығы – атқан садақ әрең жетердей, яғни бес-алты жүз метр шамасында».
Сол аңыз қазақ арасына Құж деген есіммен жетіпті. Мысыр ғана емес, жалпы жер үстінде мұндай алып адам болған ба? Соны анықтауға көңіліміз ауып, деректер қатпарын қопаруға кіріскенбіз.
Бастары тайқазандай болғанда
Бір жілігінің ұзындығы жарты шақырымдық адам өмір сүрді дегенге сену қиын. Сонда қалған сүйектері мен басы қайда кетті? Ортан жілік Ніл дариясынан өтетін көпір болуға жараса, басы сол дарияны бөгеп тұрған қазіргі Асуан плотинасынан кем болмауы керек қой? Біздің ЭКСПО ғимаратынан үлкен ол сүйек көміліп қалмасы анық.
Кейінгі қазбалар барысында талай рет дәу бастар шыққан. Олар бір жілігі 500 метр емес, бүкіл денесі 5-12 метр аралығында болған адамдарға тән. Қазақта «қазанбас» деген анықтауыш болса, мыналардың үлкендігі Түркістандағы тайқазанға пара-пар. Немесе Маңғыстау түбегіндегі шар тәріздес тастардан кем емес.
Айтпақшы, Маңғыстаудың доп тастарын француздар мен ағылшындар аударып-төңкеріп еді. Соның бірі Алтидор Монтгомери осциллографпен тексергенде, олар кәдімгідей қуат бөледі екен.
Монтгомеридің пайымдауынша, шар тәріздес тастар табиғатта өздігінен пайда болмаған, оны алып адамдар жасаған. Ал Маңғыстау аңыздарына қарағанда, бұл – Ерсары бабаның тобы. «Доп» емес, «топ», яғни әскери терминмен – «снаярд», «ядро». Сыртқы шеңбері үш метрлік тастарды лақтырған болса, Ерсары бабаның өзін алыптар қатарына қосу керек.
Монтгомери одан бұрын Коста-Рика мен Поляр шеңберіне әрідегі түбектерде осыған ұқсас «ядроларды» көріпті. Демек, алып адамдар әр аймақта тұрған сияқты.
1936 жылы неміс антропологы Ларсон Коль Орталық Африкада 12 үлкен бас сүйек табады. Ол адамдар кемиек болыпты. Жоғары мен төменгі тістері қос қатар көрінеді. Денелері 5 метрге жуықтайды.
Оңтүстік Африкада алмас қазып жүргендер 1950 жылы биіктігі 45 сантиметр бас сүйекке жолықты. Мұнда қос қатар тісті айтпағанда екі шекеде мүйізге ұқсас шодырайған томпақ бар.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшада фашистер атып тастаған тұтқындарды көму үшін үлкен шаңқыр қазады. Сонда биіктігі 55 сантиметр бас сүйектер шығады. Осы баспен дәл пропорциясын шығарса, адамның бойы бес метрге жуықтайды.
Тайқазан тәріздес бастар шеруіне белгілі зоолог И.Т.Сандерсон жазған мына фактіні де қосу керек. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Аляскада жол тартып жатқанда топырақ күреуші техниканың механизаторы екі ересен үлкен бас пен омыртқа сүйегіне және аяқ жіліктеріне тьап болады. Биіктігі 58 сантиметрлік баста екі қатар тіс болыпты. Жіліншіктің өзі 180 сантиметр көрінеді. Бұл – денелі кісінің бойымен бірдей. Сонда қазіргі Жер тұрғандары мына алыптың тізесінен ғана аспақ.
Тайқазандай бастар Оңтүстік Шығыс Азия мен Тынық мұхиттағы аралдардан табылды. Тоқтаңыз, Австралияны аттап барамыз ба? Мұнда 1985 жылы алып адамның азу тісін тапты. Ұзындығы 6,7 сантиметр. Мұндай тіс басыңа сыйып, ондай басты денең алып жүруі үшін бойың 7,5 метр, салмағың 370 келі болуы керек. Тістің табылуы сондай дәулердің болғанын дәлелдейді.
Не керек, бас пен тіс қана емес, бір кездегі алыптардан қалған басқа белгі көп сияқты.
Бойға сай ой
Зерттеушілер алып адамдардың өмір сүруі мен жоғалып кету уақытын есептеуге тырысты. Олар Жер бетінде 20 мың жыл бұрын пайда болған. Ал жоғалып кеткендеріне 12 мың жыл өткен.
Сонда олардың сексен ғасырлық дәуірінен қалғаны – сүйектер ғана ма? «Жоқ» дейді тақырыпты індете зерттегендер. Жер бетіндегі түсініксіз сызықтар мен құрылыстар – осы алыптардың әрекеті.
Бойлары 5-12 метр аралығында болған жандарға Стоунхандж тастарын қалап шығудың қиындығы болмас. Олар Мысыр пирамидаларын қиыстыра қойып шыққан сияқты.
Иә, Жер үстінде 600-ге жуық пирамида бар. Кейбірі ағаш пен шөп өсіп, төбеге айналған. Кейбірі су астында қалған. Енді біразы зілзалада шөккен, желге мүжілген. Хеопс пен оның қасындағылар климаты ылғалды емес, құрғақ жерге салынғандықтан аман жетті.
Пирамидалар алыптар дәуірінде тұрғызылған, ал беріде Мысыр перғауындары солардың ортасын ашып, мәйітхана жасаған деген тұжырым бар. Бұл да – көңілге қонатын қисын.
Мұндай ұзын адамдар Оңтүстік Американың Наска шөліндегі ересен сызықтарды сызған сияқты. Ғылыми тілде «геоглиф» аталатын суреттердің бірі алып құсты бейнелейді. Келесісінен құйрығын қайқайтып, азуын ақситып тұрған итті танисыз. Ол кезде адамдар ғана емес, ит пен құс, бүкіл маңайдағы тіршілік алып болған сияқты.
Наска құмындағы алып иттің суреті
Бұған тағы бір дәлел – Оңтүстік Америкадан табылған тас. Анығында тас бетіне салынған бедер. Біздің Тарбағатай мен Алтайдағы, Алатау мен Қаратаудағы тастағы таңбалар – оған қарағанда бергі заман «суретшілерінің» еңбегі. Мұндағы арқар, бұғы, түйе, салт аттыны әлі күнге көруге болады. Ал «Майя таңбасы» атымен танымал тастағы суретте динозавр өзімен шамалас адамды тістеп тұр. Екінші динозаврдың басын онымен теңдес адам қағып алған.
Бұдан нені аңғарамыз? Адамдардың бойы мен динозаврлардың бойы шамалас болған. Қазір қаңқалары таудай көрінетін әлгі пәлелер ол тұстағы адамдарға соншалықты қорқынышты емес деп тұжырамыз.
Демек, Жер шарының барлық аймағында бір замандарда алып адамдар жүрген. Пирамида мен алып қабырғаларды қалаған. Суреттер салған. Динозаврдың басын қағып алған.
Бойы динозаврмен бірдей адамның тастағы таңбасы
Ғалымдар оларды ақылды болған дейді. Пирамида қырлары мен тұратын жерін дәл тапқан. Енді анау тайқазандай бастағы мидың салмағы қазіргі біздің денемізбен теңдес шығар.
Ал олар қалай пайда болды және қайда жоғалып кетті? Түрлі ғылыми деректерді шамшырақ етіп, осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік.
Көктен құйылған күш
«Адамдардың бойының 5 метрден артуына сол кезде Жерге өте ірі аспан денесінің жақын келуі әсер еткен» дейді француз зерттеуші-жазушысы Денис Сора. Мұндай жағдайда Жердің тартылыс күші ересен өседі. Теңіздер тасиды. Бәлкім, Құж пайда болатын топан су тұсында әлдебір аспан денесі Жерге жақындаған шығар?
Су тасуымен қатар өсімдік, жан-жануарлар тез өсіп, іріленіп кетеді. Бұған жақын тұрып алған аспан денесінің радиациясы әсер етеді. Ағзаны құраушы тіндер өзгеріске ұшырайды.
Ғалымдар осы үлгіні ұсынғанда Мартиника аралында 1902 жылғы жанартау атқылауын тірек етіп алыпты. Бұл жанартаудан Санкт-Прьер қаласының бір адамнан басқа бүкіл тұрғыны қаза тапқан. Анау байқұс түрмеге қамалған екен, абақтының қалыңдығы бір метрлік тас қабырғасы 1000 градустық қайнаған лавадан сақтап қалыпты.
Жанартау алдында тауда тығыз газ бен будың көгілдір бұлты пайда болған. Ол бүкіл аралды бүркеп алған. Ал жанартаудың тасқыны қаланы толық көміп өткен.
Енді қараңыз, мұнда кешікпей шөп пен ағаш қайта өседі. Тек бұрынғыдан бірнеше есе биік болады. Бірнеше жылдан соң аралға қайтып келген тасбақа, кесіртке және басқа жәндіктер бұрынғылардан үлкейіп кетеді.
Осында бақылау стансасы орнайды. Ондағы француз ғалымдары жанартау атылғанда минералдардың сәулеленуі шектен тыс жоғары болып, мутацияға әсер еткенін анықтайды.
Ғалымдардың өзінде дереу өсу байқалған. Стансаны басқарып келген доктор Жюль Гравью бірер айда 12,5 сантиметрге, оның көмекшісі Поуен 10 сантиметрге өскен.
Өсімдіктер алты айда бұрын екі жыл өсетін биіктікке жетіпті. Ұзындығы ешқашан 20 сантиметрден аспаған жергілікті кесіртке алты айда 50 сантиметр болған. Сосын оларды басқа аралға апарған екен, дереу өсуі тоқтапты. Бірнеше ондаған жылдан соң аралдағы минералдар ықпалы қалыпқа келгенде мұндай тез өсу тіркелмеген.
Бір аралдағы жеке сәулелену салдарынын алыпқа айналған адамдар болуы мүмкін екеніне тағы бір дерек келтірейік. Инктердің патшасы Аятарко Кусо билік құрған дәуірде елге үлкен салға мініп келген алыптардың шабуыл жасағаны туралы аңыз бар. Қорғанған тайпаның ең ірі адамы аналардың тізесінен келіпті. Басқыншылардың әрбірі кемінде 50 адамның тамағын жеп кетіпті.
Бұл аңыз болса, көзге көрінетін дәлел – сол аймақта Тиагуанако атты қаланың орны жатыр. Майялар ол жерге жоламаған. «Құдай онда баруға болмайды деп әмір етті» деген.
Қирандыны зерттегендер оның бойы 4-5 метрлік адамдар үшін салынған дейді. Құрылысындағы әр кесек тасының салмағы 85-131 тонна аралығында. Мұны жай адамдар қанша жабылса да қалай алмас еді. Мысыр пирамидалары сияқты.
Алып адамның моласын аршу барысы
Демек, Денис Сораның «бірнеше мыңдаған жыл Жер өте күшті аспан денесінің ықпалында тұрды» деген уәжі құлаққа қонады. Сол кезде бар аймақтағы адамдар ересен өсіп кеткен. Аспан денесі Жердің тартылыс күшіне әсер етпестей алыстаған соң өсу тоқтап, бағзы бабаларымыз қайта қалпына түскен.
Бізде қалған із
Алып адамдар қазақ даласында болған сияқты. Ол бергі заманға «мық» деген атпен жеткен. Қазіргі «мықты» сөзінің түбірі сонда жатыр. Он жылдай бұрын «Оба төңірегіндегі дода» атты мақаламызда «Мықтың үйі» деген ұғымға тоқталғанбыз. Содан үзінді келтірейік.
«Мықтың үйінің» түбіне бүккен сыры қандай? Берідегі әдебиеттерден қолға түк іліктіре алмай, өзіміз қазақ этнографиясының білгірі санайтын ақсақалға жүгінуге тура келген. Ол – Жағда Бабалықов.
– Қазақ даласының Қытайда қалған қиырынан, тура Еренқабырғаның ең шетінен, Ұлы Қытай қорғанына небәрі 500 шақырым тұрған тұмсығындағы Аратүрік деген ауданынан Монғолия жерін басып, Алтай асып тура Мұғалжарға дейін шарлап шықтым. Соның бәрінде жергілікті халық «Мықтың үйі» дейтін тас үйінділерге тап болдым, – деген Жағда ақсақал.
Ел тарихы дегенде ерінбейтін Бабалықов Мәскеудегі Ленин атымен аталатын үлкен кітапханада көне қолжазбалар арасынан Мәшһүр-Жүсіп Көбеевтің жазбасына жолығады. Оны парақтап отырғанда «Арқада мық деген халық болған» деген жолды оқиды. Сосын әр тұстағы үйінділер еске түсіп, «Мықтың үйінің» сырын академик Әлкей Марғұланнан сұрапты.
Данагөй Әлекең дәл осыған сараң жауап беріпті. Тек жағырапиясын Жағданың өлшемінен өсіріпті. «Ондай жеке үйінділер Каспий теңізі мен Енесай өзені арасына дейінгі алқапта шашылып жатыр» депті. Бірнеше рет «Мықтың үйі» аталатын үйінділерді қазғанын, оның астынан тек адам сүйектері табылғанын айтыпты». Үзіндінің соңы.
Әлкей ақсақал мықтың сүйегі өте ірі болғанын айтқысы келмеген сияқты. Көптеген ғалымдар алып адамдарды зерттеуге құлықты болмаған. Онда Дарвиндік эволюция жоққа шықпақшы. Кеңестік саясат талай ғұламаның аузын осымен құлыптаған.

Хазар ханы осындай мүрдені көрсеткен шығар

Енді архелогтар қайталап «мықтың үйін» қазса, өте ірі сүйектер табар деп ойлаймыз. Бұдан тура мың жыл бұрын араб саяхатшысы Ибн Фадланның еліне оралған соң, халифқа жазған есебіндегі «маған хазар ханының әмірімен «бойы алты метрлік адамның қаңқасы көрсетілді» деген мәліметі даламызда бір дәуірлерде алып адамдар тұрғанын айғақтамай ма?! Бұған «Маңғыстаудың шар тастарын алып адамдар жасаған» дейтін Монтгомеридің пайымдауын қосыңыз.
Дереккөз:informburo.kz