Пробация үйі ашылды

1376
Қазығұрт ауданы әкімдігі мен аудандық пробация бөлімінің бастамасымен ауданымызда пробация үйі ашылды. Ашылу салтанатына аудан әкімі Т.Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы Ө.Көпеев қатысты. Пробация үйінің ашылуы кезінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Аймен Өсербаев сөз алып, пробация үйінің атқаратын қызметі мен міндеттеріне тоқтала кетті.
– Пробация қызметі – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамы» аясында өмірге келіп отыр. Осы реформаның 33-қадамында «Бас бостандығынан айыру және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру. Осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау қажет», – деп атап көрсеткен. Елбасы тапсырмасын басшылыққа ала отырып, бүгін біздер аудан орталығынан пробация үйін ашып, іске қосып отырмыз. Мақсатымыз – бұрын жаза басып, сотты болған азаматтарды қайта өмірге бейімдеу. Оларды қоғамның белсенді, толыққанды мүшесі болулары үшін тиісті жұмыстардың барлығын да жүргіземіз. Қателескен адамды қайта тәрбиелеп, қатарға қосуда пробация ұйымы жемісті қызмет атқара береді деп сенемін, – деді аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов.
Жұмыспен қамту орталығы ғимаратының екінші қабатында орналасқан пробация үйінде мамандар құқықтық түсінік берумен айналысады. Атап айтар болсақ, психологтар, заңгерлер, аудандық орталық аурухана, дене шынықтыру және спорт бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы, жастар ресурстық орталығы, кәсіпкерлік бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі секілді мекемелердің мамандары апта сайын осында келіп, жұмыс жүргізеді. Пробация үйі заман талабына сай жиһаздармен жабдықталып, жұмыс столы, компьютерлер мен принтерлер алынған.
Бір сөзбен айтқанда, бұрын сотты болғандар қоғамнан сырт қалмастан, өзгелермен тең дәрежеде өмір сүрулері үшін қажетті көмектер жасалынады. Аудан бойынша қазіргі таңда 115-ге жуық азамат шалыс басып, сотты болып шыққан болса, солардың ішінде 16 азаматты қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуге жіберілу көзделіп отыр.
Нұрлан ТӨРЕХАНОВ,
аудандық пробация қызметінің бастығы,
Әділет майоры.