Шымкент мектептерінде ақша жинауға қатаң тыйым салынды

1726
Шымкент қаласындағы мектептерде қосымша қаржы жинауға қатаң тыйым салынған. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Instagram-дағы парақшасында жазды.
Қайрат Нұртайдың айтуынша, оқу жылының аяқталуына орай, әкімдікте мектеп, колледж директорларымен арнайы мəжіліс өткен. Жиынға мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері қатысқан. Мəжілісте оқулық мəселесінен бастап мектептерде жөндеу жұмыстарын атқару міндеттері талқыланып, алдағы емтихан кезеңі мен мектептердегі қаржы жинау мəселесі сөз болған. «Қала əкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының тапсырмасына сəйкес, Шымкентте үшінші жыл қатарынан мектептердегі ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінеді. Əрине, оқу жылы аяқталған соң, мектептер белгілі бір деңгейде жөндеуді қажет етеді. Бірінің сыртын сырлау керек болса, енді бірінің кафелін ауыстыру қажет. Биыл мектептерді ағымдағы жөндеуден өткізуге 260 млн теңге бөлінген. Сондықтан, мен барлық ата-аналарға, мұғалімдерге, мектеп директорларына ресми түрде мəлімдеймін: Шымкент қаласында қандайда бір желеумен болмасын, қосымша қаржы жинауға қатаң түрде тыйым салынған», — дейді қала әкімінің орынбасары. Шенеунікті сөзінше, бүгінгі таңда басты мəселе — білім сапасын арттыру болып отыр. Сол себепті мегаполисте мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлуге аса мән берілген. «Бүгін əрбір оқушы үшін жауапты кезең — емтихан тапсыру науқаны басталғалы тұр. Мен жауапты мамандарға бұл кезеңді шиеленістірмей, қалыпты жағдайда өткізуді жүктедім. Мектеп бітіруші түлектің психологиялық ахуалы оқушының емтихан тапсыруына кедергі келтірмеуі қажет екендігін ескерттім. Жазғы маусым — бұл балалардың тынығуы үшін тамаша кезең. Ал біз осы уақытты тиімді пайдаланып, балаларымыздың жаңа оқу жылында сапалы білім алуларына жағдай жасауымыз қажет», — деп жазады Қайрат Нұртай желідегі парақшасында.