4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Түркістан қаласы әкімдігі мен облыстық Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Рәміздер алаңында өткен мерекеге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев қатысып, жұртшылықты құттықтады.
«Құрметті түркістандықтар! Баршаңызды облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының атынан мерекемен құттықтаймын. Осыдан 27 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері қабылданған болатын. Еуразия төрінде орналасқан Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өз Әнұраны, өз Туы мен Елтаңбасы бар мемлекеттер қатарына қосылып, ұлттық құндылықтарын паш етті. Ал 2007 жылы 4 маусымда ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданды. Міне, сол уақыттан бері 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып келеді. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу — отаншылдықтың белгісі. Кезінде Түркістанның сайыпқыраны Бекзат Саттарханов Сидней төрінде чемпион атанып, рәміздерімізді күллі әлемге танытты. Міне, қазіргі жастар сол Бекзат батырдай намысты болып, елге қызмет етулері тиіс. Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Елтаңбамыз мәңгі жарқырап, көк Туымыз мәңгі желбірей берсін», — деді ол.
Салтанатты жиында кітап көрмесі өтіп, ақындар мен әншілер патриоттыққа шақыратын шығармаларын орындады. Тұлпар мінген жігіттер көк Туды желбіретіп, Түркістан тұрғындары мен қонақтарына асқақ рух пен жігер сыйлады.
Мерекелік іс-шарада «Асыл қазына» әжелер ансамблі, оқушылардың хор ұжымы, «Семсер», «Болашақ» топтары мен «Шабыт», «Бисұлтан» бишілер тобы өнер көрсетті. Сонымен бірге Түркістан қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен өзге де жас әншілер ән шырқады.
Сарбаздар мен «Жас сарбаздар» клубының мүшелері Мемлекеттік рәміздерді ортаға алып шығып, осы құндылықтарды құрметтеу жөнінде ұран тастады.
Рәміздер күніне арналған мерекеде Түркістан қаласындағы білім ұяларының өрендері белсенді қатысып, қала жастары флешмоб көрсетті. Аға буын өкілдері мен қала тұрғындары да рәміздердің маңыздылығы туралы ой қозғады. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырған іс-шара түркістандықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, отаншылдық дәріптелді.