Түркістан облысында бес балалы мүгедек әке баспаналы болды

1131
Түркістан облысында бес балалы мүгедек әке баспаналы болды. Қасиетті рамазан айында арманы орындалған жанұяның отағасы — екінші топ мүгедегі болса, отанасы — жұмыссыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматыдан кейін Түркістанда ауызашар беруге арнайы келді. Мұсылман қауымы жиналған басқосуда қайырымды азаматтар тұл жетім жанға тағы бір баспана тарту етті. Аймақта мұндай қуанышты жаңалық жылда жалғасын табуда. Мәселен, өткен жылы 12 көпбалалы ана мен аз қамтылған отбасыға пәтер берілген.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қайырымдылық шараларын халық арасында кеңінен насихаттап, түсіндіруіміз керек екенін атап өтті.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз арнайы келіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, Елбасының көрегендігі, сарабдал саясатының арқасында осыдан бір жыл бұрын Түркістан қаласы облыс орталығы болып қайта құрылды. Сенімді ақтау үшін бәріміз жұмылудамыз. Үкімет Түркістан туралы 5 рет қаулы қабылдады. Мұның бәрі үлкен жұмысты талап етеді. Сондықтан да бізге осындай бірлік, ынтымақ өте қажет. Елбасының тапсырмасымен бірталай әлеуметтік бастамаларды іске асырып жатырмыз. Көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдау жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сіздерді рамазан айымен тағы да құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық тілеймін», — деді облыс әкімі.