«ОРДАБАСЫ» ЖАРЫСТЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІНЕ ШЫҚТЫ

997
2019-2020 жылдардағы Еуропа лигасының ойындары бастау алды. Алғашқы іріктеу кезеңінде Шымкенттің «Ордабасы» клубы Грузияның Кутаиси қаласындағы «Торпедомен» тоқайласты. Жанкүйер қауым «грузиндік жеребе» деп атап кеткен бұл кездесудің аса тартысты өтетіні бесенеден белгілі еді. Олай дейтініміз, қазақстандық команданы грузиялық маман Кахабер Джумберович Цхададзе баптайды. Ол алдын ала өзінің жерлестерін қиын қарсыластардың қатарына қосып та үлгерген. Шымкенттегі «Rixos Khadisha» қонақ үйінің екінші қабатындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы залында өткен қос команда бас бапкерлерінің жауапты ойын алдындағы баспасөз мәслихатында біз біраз жайтқа қанықтық.
1946 жылы құрылған Кутаисидің «Торпедосы» жүлде жинау жағынан Грузиядағы Тбилисидің атақ-даңқы төрткүл дүниеге жайылған «Динамосынан» кейінгі екінші орынды еншілейді. Кезінде КСРО чемпионатының жоғары тобында да өнер көрсеткен. Бірінші топта екі дүркін чемпион, үш рет қола жүлдегер атанған. Екінші топта бір рет үздік деп танылған. Тәуелсіздік жылдарында өз елдеріндегі Умаглеси лигасында (біздіңше, Премьер-лига) төрт дүркін чемпион, үш рет күміс, алты мәрте қола медаль жеңіп алған. Бірінші топта бір мәрте топ жарған. Давид Кипиани атындағы кубокты төрт рет иеленіп, тағы бес рет шешуші ақтық сайыста қарсыластарына жол берген. Грузия Суперкубогын екі мәрте еншілеп, тағы соншама рет финалда ұтылып қалған. Түркіменстан Президенті кубогының жарысында бір мәрте жеңімпаз атанып, тағы бір рет финалда сәтсіздікке ұшыраған. Кәрі құрлықтағы Чемпиондар лигасы және Еуропа лигасының бәсекелеріне талай мәрте қатысып, бақ сынап көрген. 2012/2013 жылдардағы Еуропа лигасының жарысында «Ақтөбемен» өз алаңында тең ойнап (1:1), қарымта кездесуде 0:1 есебімен жеңіліс тауып, қазақстандық клубқа жол берген.
Бір ғажабы, қарсыластардың бас бапкерінің есімі де Кахабер (біздіңше, Қаһарман), ал тегі Чхетиани екен. Орын алып отырған қаржылық жағдаяттарға байланысты таяуда «Торпедоның» 12 ойыншысы клубты тәрк еткен. Тіпті, жалғыз бразилиялық легионер де кетіп қалған. Олардың орнын жас ойыншылар басыпты. Қаржы демекші, грузиялық клуб ойыншыларының жалпы бағасы — 3,4 миллион еуроны құрайтын көрінеді. Ең қымбат ойыншылардың арасынан қақпашы Роин Квасхвадзе (№39) — 500 мың еуроға, шабуылшылар — Торнике Капанадзе (№9) мен Буду Зивзивадзенің (№12) әрбірі — 350 мың еуроға бағаланады. Соңғысы биылғы ел чемпионатында өткізген 18 ойында 13 гол соғып, бес рет нәтижелі пас берген. Бұл командаданың сапында кезінде Тбилисидің «Динамосы» мен КСРО-ның капитаны болған атақты футболшы Муртаз Хурцилаваның ұлы Давид Хурцилава (№5) өнер көрсетеді.
Қазақстан кубогы мен Суперкубогының иегері, егемен еліміздің қола жүлдегері «Ордабасы» да Еурокубок бәсекелерінде бірнеше мәрте бағын сынаған. Құдайға шүкір, бұл клубтың қаржылық жағдайы қарсыласына қарағанда анағұрлым жоғары екенін айқын аңғаруға болады. Клуб ойыншыларының жалпы бағасы — 15,88 миллион еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншылардың арасынан қақпашы Дмитрий Непогодов (№12) пен шабуылшы Алексей Щеткиннің (№99) әрбірі — 1,8, ал жартылай қорғаушы, бразилиялық легионер Жоао Пауло (№37) — біржарым миллион еуроға бағаланады. Соңғысы биылғы ел чемпионатында өткізген 15 кездесуде тоғыз доп соғып, төрт мәрте нәтижелі пас бере білген.
Шымкенттегі Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өткен ойынға қайта оралсақ, қос команда арасындағы кездесу өте тартысты өтті. Алаң иелерінің басымдығы айқын аңғарылып тұрды. Бірақ, Кахабер Джумберович Цхададзенің шәкірттері гол соғатын талай ұтымды сәттерді тиімді пайдалана алмады. Тіпті, біздің ойыншымыз қарсыластардың айып алаңында шалып жығытылған сәтте де эстониялық бас төреші Роомер Тараев пенальти белгілемеді. Шымкенттіктердің соққан екі голын «ойыннан тыс қалған» (офсайд) деп есептемей қойды.
Бұл күні біз бәрібір гол көру бақытына бөлендік. 67 минутта қорғаушы Темірлан Ерланов (№8) қарсыластардың қақпасының алдындағы қарбалас шақтардың бірінде баспен доп соғып, есеп ашты. Бұдан кейін де «Ордабасыда» есепті еселейтін біраз мүмкіндік болған. Алайда, олардың ойлаған амалдары түгелдей жүзеге асқан жоқ. Нәтижесінде, алаң иелері кішігірім 1:0 есебімен ғана жеңіске жетті. Шымкенттіктердің сапынан шабуылшы Тоқтар Жанғылышбай (65) мен жартылай қорғаушы, сенегалдық легионер Абдуллай Диакате (84) бас төреші тарапынан ескерту алды. Қонақтардың да екі ойыншысы сары қағазбен жазаланды.
Қарымта кездесу 18 шілде күні Тбилисидегі Михаил Месхи атындағы стадионда өтті. Бұл ойында «Ордабасы» 2:0 есебімен жеңіске жетті. 81 минутта Мирзад Механович, 90+4 минутта Зиги Бадибанга қарсыластар қақпасынан саңылау таба білді. Енді жерлестерімізді жарыстың екінші кезеңінде Чехияның «Млада Болеслав» клубы күтіп тұр. Бұл ойындарды 25 шілде мен 1 тамызда өткізу жоспарланған.
Әбдісаттар ӘЛІП,
Спорт журналистері арасындағы республикалық кәсіби шығармашылық конкурсының лауреаты.
Шымкент қаласы.