Бокстан Президент кубогы: Қазақстандықтар 18 медаль еншіледі

1560
Елордада Президент кубогына арналған бокс турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық олимпиада комиететінің хабрлауынша, Қазақстан ерлер командасы Президент кубогына арналған бокс турнирін жарысты 18 жүлдемен аяқтаған. Оның жетеу – алтын.
Атап айтсақ, 52 келіде Сәкен Бибосынов үздік атанса, 57 келіде Рустам Рустамов жеңіс тұғырына көтерілген. 69 келіде кәнігі боксшы Абылайхан Жүсіпов топ жарса, 75 келіде Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет ел намысын асқақтатқан. Ерік Әлжанов 81 келіде жеңімпаз атанған. 91 келіде жас боксшы Айбек Оралбай осы салмақты фавориті саналатын Василий Левитпен жұдырықтасқан болатын. Тәжіирбелі Василий Левит турнир чемпионы атанды. Аса ауыр салмақта команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаевтың мысы бәрінен басым болды.
Турнирдің 7 күміс медалі де Қазақстанда қалатын болды. Махмұт Сабырхан (52 келі), Ілияс Сүлейменов (57 келі), Зәкір Сафиуллин (63 келі), Талғат Шайкен (69 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Айбек Оралбай (91 келі) және Нұрлан Сапарбай (+91 келі) финалда ғана сүрінген.
«Турнир жоғары деңгейде өтті. Көрсе көз тоятын жекпе-жектер көп болды. Бұл сында Абылайхан Жүсіпов өз мықтылығын дәлелдеді. Финалда жас спортшы Талғат Шайкенмен кездесті. Шыны керек, Жүсіповтің мықтылығы көзге ұрып тұрды. 75 келіде Тұрсынбай Құлахмет жақсы қырынан танылды. Қамшыбек Қоңқабаев пен Василий Левит те үздіктер қатарында. Әсіресе, Азия чемпионатындағы жеңілістен соң Левиттің бабына келгені байқалады. Финалда Айбек Оралбаймен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Әрине, Айбек те беріле салған жоқ. Алайда, оған физикалық тұрғыдан әлі дайындық керек. 57 келі және 81 келіде нақты көшбасшы жоқ. Мамандармен тағы да ақылдасу қажет», — дейді команданың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.
Қоржында тағы 4 қола бар. Олжас Байниязов 52 келіде, Қайрат Ерәлиев 57 келіде, Абзал Құттыбеков 91 келіде, Нұрболат Сермаханов 91 келіден жоғары салмақта үздік үштіктен көрінді. Халықаралық турнирдің «Үздік боксшы» атағын Махмұт Сабырхан алып қалды.