ЕНДІ МОЛДАҒА ЖОЛАМАСПЫН…

9281
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Күннен күнге қарыштап дамып келе жатқан ғылым жетістіктерінің соңынан бүгінде мен деген желаяқтың өзі жете алмайтыны соншалық, жаңалық атаулыдан қалың нуға кіріп кеткен қу түлкінің ізінен тілі салақтап адасып, дуанадай қаңғып қалған тазы сияқты жаңылысатын халге жеттік. Қазіргі ғылымның ғарышқа көтерілгені соншама, ендігі жерде ірі-ірі деген өнеркәсіп орындарына адам қажет болмай қалды! Кез келген жұмысты жапырып істейтін құлтемір деген жалмауыз шықты! Құлтемірсіз де құнымыз көк тиын еді.
Енді,ағайын, алжыды демеңіздер, алды-артымды, фәни дүниеде жасаған жақсы-жаман амалдарымды, отбасыма, ағайын-туысқандарыма, құда-жекжаттарыма, дос-жаранға жасаған-жасамаған жақсылықтарымды, алған-бергенімді ақыл таразысына салып, салмақтай келе бақилыққа мерзімінен бұрын таныс-тамырларының, әкелерінің арқасында қызметте тез көтерілетін жолтапқыштар сияқты жолдамасыз-ақ жөнеп кетуге бел буып отырмын.
«Жұмыстың барлығын құлтемір деген қағынған қатырып істесе, құдаңның үйіне
келгендей жантайып, сыпырып-сыйырып ішіп-жеп жатпайсыз ба?» деп ақыл айтқалы отырсыз-ау шамасы! Оттапсың! Кешегі «Адам адамға дос, бауыр!», «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін!», «Ленин біздің атамыз, саясында жатамыз» деп келетін кеңестік көл-көсір бейпіл, беймарал заманда да кергіп көсіліп жату пешенемізге бұйырмапты.
«Коммунизмнің көсегесін көгертеміз» деп арқа етіміз арша, борша етіміз борша болып бесжылдықтың берекесіз балғасын солқылдата соғып, бақыттан басымыз айналып жүріп мәңгүрттенуге екі елідей ғана жақын қалғанымыз санамызға енді-енді ғана сызашықтап жетті. «Коммунизмге әне жетеміз, міне жетеміз» деп алаөкпе болып жүргенде желкеміз үзіліп, «іріп-шіріген қоғам» деп санамызға өшпестей етіп сіңірген капитализмнің кір-қожалақ көрпесіне гүмп беріп қойдық та кеттік. Хош!
Коммунизм тұсында көгеріп, көркейіп кеткеніміз шамалы. Ес-Ес-Ес- Ер деген есер
империя күйреген соң шешесінен адасып қалған үркек те жәутеңкөз баладай мәңгірдік те қалдық. Осылай мәңгіріп жүргенде кеңшардың барлық мүлік-мүкәммалары ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетті. Біз сияқты пақырларға соқыр тиын да тиген жоқ. «Аспаннан шұға жауса, кедей сорлыға ұлтарақ та тимейді» деген осы. Кемпірім күйгелектеп ауладағы қотыр ешкіге бір, кеңсеге бір жүгірді. Не тапты?
Өз күндеріңді өздерін көріңдер!-деді Үкімет.
Көрдік. Көндік. Түбінде бір жақсылық боларына сендік!
Бір күні үйімізге салып ұрып бес-алты адам көктен түскендей сау ете қалды. Кісілер
өртке жиналғандай топырлап, топтана қалса жүрегіміздің зуылдайтын ежелгі әдеті. Бұл
жолы да жүрек құрғыр зырқ етті. Бекер шошыныппын. Келгендер кәмиссия екен. Мал-
мүлкімізді, күнкөріс қабілет-шамамызды шотқа салмақ. Жиған-тергеніміз белгілі
мөлшерден аспаса «атаулы көмек» деген астаудан несібемізге жем шашпақ.
Ұрыста тұрыс бар ма, келгендер қырғауыл іздеген ұры тазыдай сумаңдап қора-
қопсымызды, бау-бақшамызды, тап біз бір «халық жауын» жасырып тығып отырғандай ұрамызға, кейбір «жырамызға» дейін тінтіп, тексеріп шықты. Сосын қан-сөлсіз жүздері қабарып, кейбірі менде әкесінен қалған өш-кегі бардай сазарып жаныма жыландай жылжып жақындады. Жотамнан жылан жылжып өткендей жауырыным мұздады. «Бәлем, ұстатпай жүр едің, қолыма түстің бе? Енді әуселеңді көріп алайын» дегендей біреусі зілдене қарады. Мен кәк қылып қойған баладай көзім бақырайып отыра кеттім.
-Так!-деді көзілдірігін мұрынының ұшына іліп қойған бадырақ көз қаламын аспанға қарай шошайта ұстап.
Маған оның қаламы атылғалы тұрған зеңбірек болып елестеді. Бұл зеңбірек атылса талай жерді қираңдыға айналдырары анық еді.
-Так! Бес тауығыңыз бар екен!-деді мені бір тап бес аудаһар асырап отырғандай зілденіп.
-Төртеу! Біреуі-қораз!- дедім кекештеніп.
-Какая разница. Бес тауық. Демек, бес тауық күніне бір жұмыртқадан туғанда, айына 150 тұқым табады. Бұл дегеніңіз, айына 5-6 мың таза табыс. Ал, мына отыз түп ағашыңыз бен бақшадағы қауын-қарбызыңызды есептеп кеп жіберсек, қыруар қаржы үйіңізге өзінен-өзі кіріп тұр.
Ол менен осы көл-көсір байлықты қызғанғандай сұрлана сұқтанды. Алайда, қолындағы есеп дәптерін маған көрсеткен жоқ.
-Көрмейсіз бе, жеміс ағаштарым да, бақшам да көптен су ішпей қаталап тұр. Ауыл әкімі бұлақтың басына өз таныстарын қойған. Олар суды тек таныс-тамырларына, қалталарына бірдеңе салғандарға ғана береді,-деп шырылдадым.
-Өкімет адамына жала жауып тұр. Мұны көзің көгертіп, түрмеге тығу керек!- деді біз өкшелі, қысқа көйлекті, ешкібас келіншек көздері шатынап.
Қолдары ербең-ербең еткенде онсыз да қысқа көйлегінің етегі жоғары көтеріліп, қара бураның санындай балтырлары күн көзімен жарқ-жұрқ етті. Кәмиссия мүшелері қызыл көрген бұралқы иттердей келіншектің мығым мықынына ошырыла қарады. Сірә, көз суарарлық сұлулық тапты-ау шамасы, езулерінен сілекейлері шұбыра бастады. Кейбіреулері тіпті, ауыздарын сылп еткізіп, шұбырыңдысын сылп-сылп еткізіп жалап та алды. Осы бір оңтайлы шақты қалт жібергім келмей, бір қалжың қыстырып қалдым.
-Біздің көлдің шортандары мен сазандары мынадай!-деп білегімді бұлғақтаттым.
-Сен өзі, то-есть, сіз, балықшы болармысыз. Көлден балық ауласақ қайтеді? Біз тегі, жерік қатындай балыққа өш адамдармыз. Көл жағасында жақсылап бір демалдырсаңыз,сірә, сіздің ұпайыңызға бірдеңе жазып кетерміз,- деп манадан бері маңқиып тұрғаны лып етіп қасыма жақындады.
Олардың келгенлі бергі құқайларына күйініп тұрған мен ұпайларыма пішту деп те қарамадым. Жындарым жібітпеді.
-Көл көш жерде. Балық аулау үшін қармақ пен қайық керек. Қармақтың басына жармақ керек. Оларды қайдан табамын?-дедім.
Негізінде көл жағасында отыратындықтан, бұл ауылдан қармақ та, ау да, қайық та табылатын еді. Едіреңдемей елжіреп келгендерінде бар ғой, балыққа қарық болып кетер еді.
Кәмиссия мүшелері тақтайдай тегіс жолмен зуылдатып келіп тастақты соқпаққа келіп тірелгендей шоқырақтап қалды. Содан кейін «мына өгізден ештеңе өнбейді» дегендей маған деген өшпенділіктері өршіп, маңдайлары тершіп, жаңа ғана дүниеге келген нәрестеге әуестене үңілгендей, қолдарындағы қағазға шұқшиды.
Қасқырдікіндей қанталаған, жан-жақтан аңталаған ашқарақ он көз үңілген соң көрдей қараңғы үңгірдің ішінен де үйдей пәле табады емес пе? Тапты!
-Сіз өзіңізді өзіңіз жұмыспен жүз процент қамтыған адамсыз. Табысыңыз отбасыңызды асырауға толық жетеді. Сондықтан, отбасыңызға атаулы көмек берілмейді. Керісінше, мемлекетке салық төлеп тұруың керек. Қане, мына жерге қолыңды қой,- деді бадырақ көздісі бағжаң етіп.
«Қой» деген жеріне бармағымды бастым. Кәмиссия мүшелері «бізде кінә жоқ» дегендей кейіп танытып ауладан ит қуған мысық сияқты атқып шыға жөнелді. «Бажылдаспай балыққа апарғаным жөн бе еді?» деп желкемді қасып тұрғанымда бүйірімнен біреу оңдырмай нұқып қалды. Жалт қарасам, құтырыңған қара қатыным. Жаңағы кәмиссия мүшелерінің кәр көздері бұныкінің қасында жайнақы жанар тәрізді.
-Немене, әкеңді мен өлтіріп пе екем? Не болды сонша,көзің сүзеген сиырдыкындей шапыраштанып кетіпті ғой,- дедім қорғанысқа көшіп.
-Бұдан да әкемді өлтіргенін жақсы еді. Ойбай-ау, өз аяғымен келіп тұрған «атаулы көмектің» шабынан түртіп шошытып, шалғайға жібердің. Енді бала-шағаң не ішіп, не жейді, а? Негізінде жарымаған сорлы. Сорлап қалдық қой. Мына көрші кәмиссияны келістіріп күтіп, «атаулы көмекке» қол жеткізіп, сағанағы сарқ, қағанағы қарқ болып отыр. Күнде қалып кеткен астаудай қаңсып қалған біз ғана! Түбінде қаңсып қаларсың! Өздері ыңғай танытып тұрғанда балығына апарып, дорбаларына бақа-шаян болса да бірдеңе салып берсең, дәретін бұзылар ма еді?-деп қара қатыным долыдай қалтырап, дір-дір етті.
Қатекем ертесіне үйдегі жалғыз сиырға шөп әкеліп жүрген ала дорбаны алып қалаға кетті. Әуелгіде ауылға қатынаған автобустан балаларына көр-жөр жіберіп тұрды да, соңында онысы да сап тиылды. Байғұстың уысына ештеңе ілікпей жүр-ау. Іліксе, қошақандарына қатық та болса жіберер еді ғой. Қазір не істеп, қайда жүргенінен хабарсызбыз. Қайда жүрсе де аман болсыншы, әйтеуір.
Қарында жем болмаса, бақсының зікірі де ем болмайды. Қаңғыбас иттей аштан бұратылып өлетін болғаннан соң бала-шағамды шұбалшынша шұбыртып мен де қалаға келдім. Қаңғып кеткен қатынымды қапылыста көріп қалармын деген есек деме де жоқ емес. Мың торғай қамасаң, әп-сәтте бір торғай да қалмайтын шұрық тесік, сылағың қырық жылдық шылау басқан қуықтай бөлмеде тұрып жатқанымызға үкіметке мың қайтара шүкіршілік айтып, базарда бозборанын шығарып пісте сатып жүрмін.
Бір күні ежірейген екеу қасыма жоңышқа көрген есектей жетіп келді.
-Не сатып тұрсың?
-Көзің көз бе, без бе? Пісте.
-Пісте де болса күш де. Демек, табыс бар ғой.
-Ептеп. Ауыз шайғандай ғана.
-Бұлар сондай, шеттерінен сараң. Сараң болғаннан соң, бәрі де арам. Қане, құжаттарыңды көрсет.
-Қандай құжат?
-Жеке кәсіпкер екеніңді растайтын құжат.
-Менде ондай құжат та жоқ, оны ала қояйын деген мұрат та жоқ.
-Міне, алаяқ! Міне, арамтамақ! Міне, мемлекет мүлкін талан-таражға салушы, табысын жасырып жүрген тоғышар! Мұндайларды зынданның терең түкпіріне тоғыту керек!-деп тепсінді тексерушілердің бірі.
Зәремнің ұшқаны сондай, баяғыда сүйегі қурап кеткен әке-шешемді жоқтап дауыс айтып боздағым келді. Көз жасымнан қорықты ма әлде қатынша қарғанып жылағанымнан торықты ма, кім білсін, едіреңдеген екеу отқа түскен қарша еріп сала берді. Кешке дейін әрі өткенге, бері өткенге көзімді сатып «пісте алыңыз, пісте алыңыз» деп өңешім қарлыққанша айқайлап, жетім баладай жаутаңдап тұрып тапқан теңгемнің тең жартысын қақ бөліп екеуінің қолдарына ұстаттым. Олар жайларына кетті.
«Қайда барсаң, Қорқыттың көрі». Түбі бір өлім болған соң ауылға барып, ел-жұртпен қайырласып адам сияқты аттанайын деп салып-ұрып өзіме таныс Сейітқожа молдаға келдім. Менің келуімді күтіп тұрғандай осы кезде ебіл-дебілі шыққан бір молда Сейітқожа имамның алдына келіп етпептей құлады.
-Ей,пірәдар! Мұңкір-Нұңкірден қашып келгендей өңің бұзылып кетіпті ғой. Не болды? Айт, күнәқарым!-деп Сейітқожа қолындағы таспиығын айналдыра бастады.
-Ана ауылда Мүсірәлі ақіреттік болып, жаназасын шығаруға жібермедіңіз бе? Сол марқұмның баласы «Құран үшін әрі еңбегіңіз» деп қолыма екі мың теңге ұстатқан. Үйден шыға бергенде әбжыландай жалмаңдаған екеу қолтығымнан шап беріп ұстай алғаны. «Қазіргі заң сондай. Табысыңыздың жартысын мемлекет қоржынына салуыңыз керек» дейді. Амалым қанша, мың теңге беріп құтылдым. Содан есегімді қыдыңдатып қыр асып келе жатсам, Мықтыбектің баласы тракторшыларға жер жыртқызып жүр екен. Ердің басындағы түйіншекті көрді де қабағы түйіліп сала берді. Түйіншекке марқұмның баласы «мешіттегілер әкеме арнап Құран оқып жесің» деп палау салып берген еді. Мықтыбектің қағынғаны түйіншекті тартып алды. «Жұмысшыларыма беремін. Құран осы жерден де
тиеді» дейді ауызы-басы қисаймай. Өзімді сабап жібермегеніне шүкір,-деді өлік жөнелтіп келген молда көзі алақ-жұлақ етіп.
-Ақырзаман!
-Ақырзаман!
-Ақырзаман!-
деп мешіттегілер айналаны азан-қазан етті.
Мешіт іші күмбірлеп кетті. Құлағым бітеліп, басым айналды. Бір уақытта көзімді ашсам, молда маған дем салып отыр екен.
-Иншалла! Бір ажалдан аман қалдың! Уф-суф!-деп демін маған қарай үрлеп қалды.
Ауызында ит өлген бе, құрысын, сондай бір сасық леп бет-ауызымды саңғып өткенде лоқсып барып зорға қайттым.
Сейітқожа көне бір сарынға салып, Құранды қырағыттап ұзақ оқыды. Шіркіннің дауысы мұндай шерлі болар ма, көз жасымды тия алсамшы. Құран біткен соң әудем уақыттан соң:
-Тақсыр! Мына жалған өмірдің тауқіметтеріне кеңірдегімнен тойдым. Құдаймен тікелей қарым-қатынынастағы адамсыз ғой, мені Машһардағы сирап-ул көпірі арқылы пейішке пірәмі жіберте көріңіз,-деп аяғына жығылдым.
-Тәйт,әрі! Сүйікті Пайғамбарымыз: «Бір адамның жазықсыз жанын алу бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей» деген. Күнәһар болар жайым жоқ,-деп ақырып қалды Сейітқожа пірәдар.
Мен де қайтпадым.
-Онда мен мойыныма қыл арқан салып, асылып өле саламын!
-Тәйт, кәпір! Өз-өзіне қол жұмсағандарға жаназа оқылмайды. Оларды мұсылман моласынан жыраққа жерлейді. Олар о дүниеге кәпір болып аттанады. Жаратқанның нығыметіне бөленбейді,-деп Сейітқожа зікір сала бастады.
Басым зеңіп ауырды. Дүние шыр көбелек айналып бара жатты.
Мына ындыны жарымаған қайырсыз қайыршы қоғамда, шілдесінде шырақ көрмеген шіренгендер ортасында шыбын жаныңды қиып, о дүниеге тып-тыныш беймарал аттану да қиын екен-ау.
Түптеп келгенде, бүгінгі имам, молдаларға сеніп те болмайды. Не деп болады, біз сияқты қайыршылардың мына дүниенің тауқіметін тартып жүре бергені олар үшін қызық та шығар.
Айтпақшы, Құран оқылып, жаназам шығарылмаса имамның уысына көк тиын да түспейді екен-ау…
-Енді көрмегенім молда болсын,-деп тұра қаштым.
«Соңымнан ешкім қуып келе жатқан жоқ па екен» деп қайырылып артыма қарай бергенім сол, бір томарға сүрініп етпепімнен құладым. Содан бері есім аумалы-төкпелі.
Сіз кімсіз өзі? Менде не шаруаңыз бар?..