«Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі енгізген ұсыныстар Полиция жүйесінің жұмысын жетілдіреді

1513
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Х.Дүйсешұлының қатысуымен облыстық Полиция Департаментінің басшылық және жеке құрамымен кездесу өтті.
Жиынның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және ҚР  Қылмыстық-процестік  кодексінің  200-бабы негізінде енгізілген ұсыныстарды қарау.                                                                                           
Кездесуде сөз алған Департамент басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлы  «Transparency International Kazakhstan» қоғамдық қоры  жүргізген сауалнаманың қорытындысына сәйкес,  полиция жүйесінде, оның ішінде Түркістан облысының полиция саласында жол ережесін бұзу, ақшалай сыйақы  беру және әкімшілік жауапкершілікке тартылмау сынды сыбайлас жемқорлық деректерінің жиі көрініс тапқанын жеткізді.
Сондай-ақ, бүгінгі күні «Түркістан – Адалдық алаңы»  шеңберінде Полиция департаментінің жұмысын жетілдіру  мақсатында Департамент тарапынан  15 ұсыныс енгізіліп, оның   екеуі әлі күнге дейін орындалмағанын тілге тиек етті.
                                                                                      
Атап айтсақ, жол жүру ережесін бұзу кезінде Арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірігіп, пара ұсыну фактілеріне рейдтік іс-шара жүргізу және  «Сергек» жүйесін  орнату.                                                                 
Жиын  барысында  облыстық  Полиция департаментінің басшысы Қ.Сұлтанбайұлы  аталған қос ұсыныстың алдағы уақытта орындалатынын жеткізіп,  бірлесе жұмыс атқаруға тілектестік білдірді.   
Шара соңында қатысушылар назарына полиция қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық заңбұзушылықтары  әшкереленген  арнайы бейнеролик көрсетілді.