Сенаторлар қазақ қызына үйленген шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын беру мерзімін қайта қарау қажеттігін айтты
Бүгін сенатта көші-қон мәселесіне арналған жиында депутаттар Қытай азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздарына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Өткенде Алматы облысының елді мекендерін аралағанда мынау Еренқабырғаны жайлаған елден келіп, біздің қазақ қыздарына үйленіп, азаматтық алып жатыр деген мәселе өте өткір қойылды, қатты айтылды. Осындай жолмен қанша шетелдік азаматтық алды? Осының тізімі мен нақты саны бар ма?», — деп сұрады сенатор Нұртөре Жүсіп.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, ондай шетелдіктер бар. Себебі қазақ қызына үйленгеннен кейін азаматтық алуға тыйым салатын заң жоқ.
«Бізде тыйым салатын заң жоқ. Енді біздің қыздарымыз тұрмысқа шыға ма, жоқ па, ол жеке бастың шешімі ғой. Біздің есебіміз бойынша шетінен барлығы шығып жатқан жоқ. Иә, кей кезде кездеседі», — деді Қожаев.
Оның сөзіне қарағанда, қазақ қызына үйленген шетелдік бес жылдан кейін Қазақстан азаматтығын ала алады. Оның туыстарына да сондай мүмкіндік беріледі.
«Ол жақын туыстарына ғана қатысты. Иә, белгілі бір уақыттан кейін ондай мүмкіндік беріледі», — деп атап көрсетті Қожаев.
Осы кезде сенаторлар арасында «Масқара! Бұл өте қауіпті ғой» деген сөздер естілді.
Ал ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Қазақстан азамттығын алған шетелдіктердің нақты санын жазбаша түрде беремін деді. Себебі ол мәліметтерді әділет министрлігінен алу қажет.
Осы орайда сенаторлар шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын беру мерзімін қайта қарау қажеттігін жеткізді.
«Біздің азаматтығымызды үш жылда алу ол аз ғана уақыт қой. Америка, Ұлыбритания сияқты елдер 10-15 жылда ғана береді. Соның өзінде үлкен еңбекпен, қара термен алып жатады. Мысалы, мен білетін Қазақстан азаматы 11 жылда әрең алды. Үш жыл болсын, бес жыл болсын, ол тым аз», — деді сенатор Дана Нұржігіт.
«Соны көбейтсе, қалай болады екен? Мысалы, Араб Әмірліктерінде азаматтықты мүлдем бермейді. Бұл – үлкен мәселе, көкейтесті мәселе. Біздің көршіміз ғой. Сондықтан абайлау керек, зерделеу керек. Саяси жағы да бар», — дейді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Марат Қожаев шетелдіктерге Қазақстан азаматығын беру мерзімін ұзартуға қатысты мәселенің зерделенетінін жеткізді.