Қойдың етін жеп, сорпасын ішсе, коронавирусқа шалдыққан науқас аман қалады – кардиолог

1469
Қытай ғалымдары коронавирустан айыққан науқастардан қайтадан індеттің анықталып жатқанын айтып жатыр. Бұл қаншалықты рас? Әлемде пандемия екінші рет қайталануы мүмкін бе? Анық-қанығын дәрігер-кардиолог, Ph.D доктор, медицина ғылымдарының кандидаты Дәуренбек Нысановтан сұрадық. Дәрігер карантин талаптарын әрбір адам қатаң сақтамаса, коронавируспен күрес нәтиже бермейді дейді.
Науқастарды 1 ай карантинде ұстау керек
«Коронавируспен ауырып, дертінен айығып шыққан адамдардан індеттің симптомдары қайтадан табылып жатыр. Қытай дәрігерлері мұны тәжірибеге сүйеніп айтып отыр. Сондықтан коронавирусқа шалдыққан науқастар сауыққаннан кейін де вирусты таратуы мүмкін.
Қытай ғалымдары қазір тест-сынақтың теріс нәтижелерімен ауруханалардан шығарылған барлық адамдар үшін карантин мерзімін ұзартуға шақырады. Олар толық емделген адамдармен зерттеу жүргізді және SARS-Cov-2 үшін теріс сынақтан кейін де пациенттер вирусты тарататынын анықтады. Бұл науқастарда бұдан былай белгілер болмайды, бірақ ауыз қуысы, жұтқыншақтан алынған тексеру нәтижесінде вирустың сақталатыны анықталды.
Зерттеу нәтижелері бойынша дерттен сауыққан науқастардың жартысына жуығынан барлық белгілер жойылғаннан кейін де вирус бар екені расталған.
Науқастардың бір күннен сегіз күнге дейін вирусты жұқтыратындығы белгілі болды.
Өзін-өзі оқшаулау ғана індеттің алдын алады. Сондықтан карантиннен шыққандарды бір ай карантинде ұстау керек. Мысалы, Өзбекстан арнайы карантин аймағын салды. Науқастарды дерттен құлан-таза айыққанша қаладан қашықта арнайы карантин аймағында ұстайды. Сол дұрыс.

Карантин талаптарын сақтамасақ, дәрігерлердің жұмысын қиындатып қана қоймай, дәрігер таппай қаламыз. Қазір созылмалы аурулармен ауырып, ауруханада жатқандарды емдеп жатқан дәрігерлер коронавирусты емдеуге кетеді. Сол кезде дәрігер тапшылығынан науқастарды емдеу қиындайды», – дейді.
Сонымен қатар дәрігер карантин ережелерін сақтаумен қатар тамақтану талаптарына да көңіл бөлген жөн екенін айтады.
Имбирь, лимон, сарымсақ коронавирусты емдемейдi!
Дәрігер соңғы кездері бағасы шарықтап кеткен сарымсақ, имбирь, лимонның құрамындағы бар дәрумендер жеміс-жидектерде де кездесетінін айтты.
«Картоп, сәбiз, қырыққабат үшеуiнiң құрамында бар заттар имбирьдiң, лимонның, сарымсақтың  құрамындағы заттардан да көп.

Имбирь, лимон, сарымсақ коронавирусты емдемейдi. Бiрақ, құрамында тек организмге қажеттi заттар ғана бар. Олардың құрамындағы бар заттар (витаминдер мен микроэлементтер) сәбiз, жаңғақ, аскөк, ақжелкен, картоп, пияз, алма, өрiк-мейiз, құрма, қырыққабат, шабдалыда сияқты жемiс -жидектiң бәрiнде де бар. Мысалы, картоп, сәбiз, қырыққабаттың құрамындағы заттар имбирь, лимон, сарымсақтың  құрамындағы заттардан да көп.

Ал айран-сүт, қымыз-шұбат, еттiң құрамында организмге керек  пайдалы заттар (ақуызды құрайтын амин қышқылдары, майлар, көмiрсутектер) олардан да көп. Ең пайдалысы  – қой етi мен оның сорпасы. Сорпа ішкен адамның иммунитеті көтеріледі.  Коронавирустың алдын алу үшін денсаулыққа пайдасы көп.
Сол сияқты бидай, арпа, жүгерi, тарының талқанында ақуыз, көмiрсутек, майлар, витаминдер, макро, микроэлементтер өте көп.
Иммунитеттi көтеруге азық-түлiктiң (ет, сүт, талқан, ботқа), жемiс-жидектер, көкөнiстердiң кез келген түрi көмектеседi.
Сондықтан имбирь, лимон, сарымсақ сататын алаяқтарға алданбаңыздар» – дейді Дәуренбек Нысанов.

Дереккөз:aikyn.kz