Шардараның әкімі саунаға барғаны үшін сөгіс алды

1355
Осыдан біраз уақыт бұрын Түркістан облысы Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың бір азаматпен бірге саунада отырған видеосы пайда болған еді.  Бейнежазбаны полиция қызметкерлері түсірген. Осыған байланысты Түркістан облыстық Әдеп кеңесінде Қ.Жолдыбай бастаған Шардара ауданының лауазымды тұлғаларының тәртіптік жауапкершіліктері қаралды.
Нәтижесінде, Шардара ауданының әкімі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссияның төрағасы бола тұра, өзіне бағынысты мемлекеттік қызметшілермен бірге төтенше жағдай режимі кезінде моншада болып, өзінің іс-әрекетімен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болғаны анықталды.
Сонымен қатар, қол астындағы қызметшілермен қызметтік автокөлікті жұмыстан тыс уақытта пайдалануына жол берілген.
Бұл ретте, Әдеп кодексінің талаптарына  сәйкес мемлекеттік қызметшілер өзінің іс-әрекетімен және мінез құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануға тиіс.
Осыған орай, Әдеп жөніндегі кеңес шешімен Түркістан облысы Шардара ауданының әкімі Қ.Жолдыбайға «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен Шардара ауданы әкімінің аппарат басшысы Ғ.Амантайға және Шардара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ш. Райхановқа «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.