ОТҚА ОРАНҒАН ӨЛЕҢДЕР

1162
С.Олжабай ф.отқа оранған өлеңдер
Әріптес әлемі
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Абыз ақсақал, сөз зергері Әбіш Кекілбаев: «Ақынды шындап түсінгің келсе, туған жерін барып көр» деген екен. Бүгінде асқаралы алпыс жастың асуына көтеріліп отырған Қазығұрттың қыран ақыны Болат Шарахымбайды түсіну үшін де оның туған жеріне барып көру керек-ақ. Шындығында, өрісті өлең өлкесінде шарболаттай шыңдалған ақын мінезі туған жерге тартып тұрады. Болат киелі Қазығұрттың Темір Қақпа аталатын Ұлы Дала мен Алып Таудың түйіскен жерінде өмірге келді. Ауылдың тарихи атауы осы географиялық ерекшелігіне байланысты қойылған. Ал, таудың аты – Сұңқартас. Тау екі айыр болып жатыр. Осы тауды қақ жарып Қарасу өзені ағады. Айнала тұнып тұрған сұлулық. Ал, сол сұлулық бала жүрегін селт еткізбеуі мүмкін бе?
Арыдан бастайықшы. Оның атасы Шарахымбай ел басқарған белгілі адам. Анау-мынау емес, Тұрар Рысқұловтың өзімен дос-жаран болып араласып тұрған. Тұрар Ташкенттен арнайы келіп, Шарахымбайдың үйіне түсіп, емен-жарқын әңгіме құрып, аунап-қунап қайтады екен. Шарахымбай сондай-ақ өңірге белгілі атышулы көкпаршы болған. Ал, Шарахымбай атаның жұбайы, Болаттың әжесі Өтебике сурыпсалма ақын. Нағашысы Сүйіндік Омаровқа Қазығұртта тең келетін ақын болмапты. Болаттың әкесі Жұмын нағашыларына тартып, өлең жазған. Қаратас (қазіргі Қазығұрт) аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Сенбесеңіз, Қалаубек Тұрсынқұловтың «Жолдас, хатшы!» повесін оқып көріңіз. Сондағы бас кейіпкер Жұмынның прототиві.
Қалаубек демекші, Жұмынның құтты шаңырағы ақын-жазушылардың, өнер, мәдениет қайраткерлерінің жиі ат басын бұратын жері еді. Өзбекәлі Жәнібеков, Қалаубек Тұрсынқұлов, Тұтқабай Иманбеков, Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов, Омарбай Малқаров, тағы басқа да зиялы қауым өкілдері қара шаңырақты шаттыққа бөлеп, келіп-кетіп жатты. Қазақтың небір нарқасқа, сен тұр, мен айтайын ағаларын кішкентайынан көріп өскендіктен де бала Болаттың өзегіне өлең деген өрт түсті. Ол енді осы өртті сөндіріп алмау үшін көп ізденді. Шұғылалы шаңырақта кітап жинауды Шарахымбай бастап, Жұмын жалғастырған еді. Болашақ ақын алысқа дендемей-ақ, Әлішер Науай, Омар Хаям, Физули, Пушкин, Лермонтов, Есенин,
Маяковский, Блок, Фет өлеңдерін отбасылық кітапханадан оқыды. Жоғарыда аты аталған ақын-жазушылардың кітаптары өз үйінен табылды. Алматыға барғанда Т.Бердияров, С.Жиенбаев, М.Мақатаев, Т.Молдағалиев ағаларының өледерімен сусындап, соларға еліктеді.
Ару Алматы ақжарылқап қарсы алғанымен, оң қабағын бере қоймады. Ал, шет тілдері институтында оқып жүргенінде әскери борышын өтеуге аттанып, қайтып келгенде 1986 желтоқсан құйынының ортасында қалды. Сол құйыннан әупіріммен әрең шықты. Ол Алматыда орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып істеп жатты. Қазақ тілінің халі мүшкіл еді. Бұл оның арқасына аяздай батты. Содан соң да қолына қалам алды. «Жас Алаш», «Өркен – Горизонт» газеттеріне аралас мектептердегі қазақ тілінің проблемалары туралы дүркін-дүркін мақалалар жазды. Осы материалдары Қазақ КСР Оқу министрлігінің назарына ілікті. Бір күні Болат жаңадан ашылған «Ана тілі» газетіне мақаласын алып барған. Бас редактор Бейсенбай Жарылқапов оның мақалаларын оқып жүреді екен. Болатпен танысқан соң-ақ «бізге жұмысқа келсеңші» деп өтініш айтты. Болат бірден келісті.
Журналистика факультетіне түсіп, ақын болуды армандаған оның өлеңдеріне де шұғыл жол ашыла қойған жоқ. Қай газетке барсын, әйтеуір өлеңдерінен бір олқылық табылады да тұрады. Көңіл қанша көкдөнен болғанымен, тұрмыс аяққа оралғы болады да тұрады. Онда «Өркен – Горизонт» газетінде істеп жүрген кезі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Дүкендер бос, тамақ жоқ. Келіншегі мен үш баласын асырау керек. Пәтерақы қымбат. Не істеу керек? Арланатын кез емес, вагоннан жүк те түсірді, көше де сыпырды. Қарызға да белшесінен батты. Ол екі оттың ортасында қалғандай: бір жағында өмірлік мақсатына айналған асқақ арман, екінші жағында аш-жалаңаш балдары. Ол аш-жалаңаш тағдырынан құтылу үшін арызын жазып, қызметінен босады да базарға бет алды. Оны бұл жолдан ешкім де кері қайтара алмады. Өлең – өршіл рух бергенімен, сезім қайығында шайқалғанымен, өзекке ас болып түспейді екен. Содан да ол бала кезінен жанына серік етіп келе жатқан өлеңіне өкпеледі. Енді қайтып қолыма қалам алмаспын деп ойлаған. Сөйтті де осы кезге дейін жазған-сызғандарын, бар қолжазбасын, өлең дәптерлерін, газет тігінділерін аулаға алып шығып тау қылып үйді де от қойды. Лаулап жанып жатқан қолжазбаларына қарап отырған оның жанарынан қос тамшы жас ыршып түсті.
– Поэзия – ақылдан гөрі сезімнің жемісі. Ақын жанының сілкінісінен туындайтын тылсым түйсік. Қаншама жыл ішкі жан дүниемнен толқын болып тулап сыртқа шыққан жүрек түкпіріндегі терең сырларым, мұңым мен шерім, қуанышым мен күйініштерім отқа оранып жатқанда өн бойымды алай-дүлей өрт
шарпып өтті. Отқа оранған сол өлеңдерімді кейін қайта жаза алмадым. Адастырып кетті. Содан кейін бе қайдам, кілең бір отқа оранған өлеңдер жазатын болдым, – деп сыр шертеді бүгінгі қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар Болат ақын.
Аққу – киелі құс. Назырқанса, шошынған көліне қайтып оралмайды. Болат та сол кеткеннен өлең өлкесіне қайта оралмаспын деген. Бірақ өлең баяғының ертегілерінде айтылатын қырық бірінші қақпа тәрізді дүние. Дұрысы – оны ашпау керек. Аштың екен, басың жерге жеткенше қыр соңыңнан қалмайтын қиындық пен қызыққа, сәтсіздік пен сүйіспеншілікке өзім барып ұрындым дей бер. Қырық бірінші қақпа ақыры өз дегенін істеп тынды. Болат өлең-патшаның есігін қайта қақты. Қақтырған іштегі толқын-тебіреністері еді.
Міне, қараңыз! Бүгінде ақын Болат Шарахымбай «Ғаламшар мақтанышы» халықаралық түркі халықтары ақындары мүшәйрасының жеңімпазы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. «Рухтың оралуы», «Жаным – жанартау», «Ауылға жазған арзулар», «Қазығұрт ғазалдары», «Сұңқартас пен ақынтас», тағы басқа да жыр жинақтарының авторы. «Туған жерге туың тік», «Көрмейін десем, көзім бар», «Ашық әңгіме» сияқты көркем публицистикалық кітаптары оқырмандарынан лайықты бағасын алды. Бұдан тыс Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабындағы өлеңдерді, Иран президенті Саддам Хусейннің өлеңдерін қазақшалады. Орыс, француздың классик ақындарының өлеңдерін де қазақшаға аударып жүр.
Ол кезінде «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет айдыны» газеттерінде де жемісті еңбек етті. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде жауапты қызметте, оқытушы-профессорлардың ғылыми еңбектерін шығаратын баспада бас редактор.
Бүгінгі Болат ақын ағасы Тоқаш Бердияровтың іздеуші-жоқтаушысы. 2015 жылы Тоқаш ақынның таңдамалы өлеңдерін «Адыраспан» деген атпен кітап етіп бастырды. Сонымен бірге Т.Бердияров туралы естеліктер мен зерттеулерден тұратын «Көке» деген жинақ шығарды. Қазір Алматы қаласынан Т.Бердияров атында бір көше бергізу үшін іздену үстінде.
Туған ауылының тұнығы мен жерлестерінің жан сұлулығынан сусындаған Болат Жұмынұлы бүгінде арзан сөзден ат-тонын ала қашып, маржан сөзден сарай сала білген арқалы ақын. Қазір Қақпақ ауылындағы өзі оқыған мектепте әдебиет кабинеті Болаттың атында. Ол осы мектепке мыңнан астам кітабын сыйлады. Ал, жерлестері Сұңқартастың бүйіріндегі үлкен тасқа Ақынтас деп ат қойды. Әрине, кейіпкеріміздің құрметіне.
Ақын Иосиф Бродский: «Ақынның өмірін оның өмірбаянынан емес, өлең жолдарынан іздеу керек» депті. Осы мәннен алғанда Болаттың өмірбаянын өлеңдерінен іздегеніміз абзал. Өлеңіне өрт қойған өзекті ақын соңғы жылдары жыр жазығына өз жүйрігін сирек шығарады. Өзегін өртеп, жүрегін жарып шыққан жыр жинақтарының Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі, академик Әбдуалы Қайдар, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Темірхан Медетбеков және аса көрнекті жазушы, аудармашы, ҚР президентінің «Бейбітшілік пен рухани татулық» сыйлығының алғашқы лауреаты, «ПЕН-клуб» сыйлығының иегері, мәдениетіміз бен тіліміздің тегеурінді жанашыры болған Герольд Бельгердің ыстық ықыласына бөленуі тектен-тек емес. Қадыр аға «Біздің Болат осындай от болып жанып жүрген ақын» деп түйіндепті өз жазбасында. Ал Герольд Бельгер ағасы: «Шынында да найзағайдай тіліп түседі» дейді. Өлеңдерін айтады да.
Осыдан келіп ой қорытсақ, ақын Болаттың өлеңдерін отқа орап жүргеніне шүбә келтіре алмайсыз.