Басты Шымкент Шымкенттің әкімі қашықтықтан жұмыс істеуге көшті
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың COVID 19 вирусын жұқтырғаны мәлім болғаннан кейін «Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов те ауырып қалған жоқ па?» деген сауалдар көбейе бастады. Себебі өткен сәрсенбіде Біртанов Шымкентке келіп, қалалық жұқпалы аурулар орталығын (госпиталь) ашқан болатын. Ақпарат құралдарында әкім мен министрдің бірге жүрген суреттері жарияланды. Осыдан кейін жоғарыдағы сауалдың қойылуы заңды, әрине.
Алайда әкімнің баспасөз хатшысы Арай Есенбек Мұрат Дүйсенбекұлының денсаулығына төнген қауіп жоқ екенін мәлім етті.
– Иә, Елжан Біртанов 10 маусым күні Шымкент қаласында құрылысы аяқталған инфекциялық госпиталь ғимаратымен арнайы келіп танысқан болатын. Десе де, қала әкімі оған дейін және одан кейін де тест тапсырған. Соңғы рет кешегі жексенбіде тапсырған тест нәтижесі теріс болып шықты. Соған қарамастан Мұрат Әйтенов адамдар көп шоғырланатын жерге шықпай, өз кабинетінде қашықтықтан жұмысын жалғастыруда. Ал жиындарды онлайн режимде өткізіп отыр. Яғни, сақтық шаралары өз деңгейінде сақталуда. Жалпы Мұрат Дүйсенбекұлы тұрақты түрде аптасына бір-екі рет COVID 19 вирусына тест тапсырып тұрады. Қала әкімінің денсаулығы үшін алаңдаған азаматтарға алғыс айтамын!-деп жазды баспасөз хатшысы фейсбуктегі парақшасында.
Шымкент қаласында соңғы тәулікте коронавирус инфекциясының 25 жағдайы тіркелді. COVID-19-бен ауырғандардың барлығы инфекцияға симптомы бар науқастар.
Сондай-ақ қала бойынша 2020 жылғы 15 маусымдағы жағдай бойынша жалпы статистикаға қосылмаған коронавирус індетінің белгілері жоқ 57 тасымалдаушы тіркелген.
Бақытжан ӘБДІРАШ,
Шымкент