«428 миллиард теңгенің қайда кеткені белгісіз»: экономиканы қаржыландыру артта қалған елдердікінен де аз

871
Есеп комитеті төрағасының айтуынша, көптеген компаниялар республикалық бюджеттен ақшаны 1 пайыздан да аз ставкамен алады. Сосын оны кәсіпкерлерге 6, 8, 9 пайызбен береді екен.
Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова, Қазақстан экономикасының қаржылануы дамуы артта қалған елдердің көрсеткішінен 4 есе нашар күйде екенін жеткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Atameken Business теларанасына сілтеме жасап.
Бас есепшінің пайымдауынша, еліміздің ақшамен қамтамасыз етілуі 31 пайызды құраса, әлем бойынша орташа мөлшер – 122 пайызға тең. Годунованың есебінше, былтыр жарты триллион теңгеге жуық қаржы негізсіз жұмсалып кеткен. «Миллиардтар бөлінген жобалардың қашан аяқталатыны туралы әңгіме де қозғалмайды», — дейді қазынаның кіріс-шығысын есептейтіндер.
«Монетизациялау деңгейі төмендеп жатыр. Экономикаға аударылған қаржы көлемі – 31 пайыз. 2016 жылы 42 пайыз болғанда, соны аз дегенбіз. Былтырғы жағдайымыз дамуы артта қалған елдердің көрсеткішінен де аз. 428 миллиард теңге негізсіз жұмсалған. Қайда кеткені белгісіз. Бұл – алдыңғы жылдағыдан 3 есе көп», — деді Наталья Годунова.
Оның айтуынша, көптеген компаниялар республикалық бюджеттен ақшаны 1 пайыздан да аз ставкамен алады. Сосын оны кәсіпкерлерге 6, 8, 9 пайызбен береді екен. Ал негізі бұл қаржылай көмектің кәсіпкерлерге бағытталғаны ешкімді алаңдатпайтын болып тұр.
Годунованың айтқанын депутаттар да қолдады. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерге 30 миллиард теңге бөлінген. Оны іске асырамыз деген шенеуніктер көптеген уақытша жұмыс орындарын ашпақ. Мәселе сол «уақытша» дегенде болып тұр. Сенатор Ләззат Сүлейменнің айтуынша, ауыл адамдары бір ай жұмыс істеп, сосын бос отырса, оның қандай тиімділігі бар? Сондай-ақ, депутат ауыл шаруашылығының мандымай отырғанын да алға тартты.
«Сиыр еті 16 пайызға, жылқы еті 15 пайызға көтерілген. Ал экспорт екі есе асқан. 20 жыл бұрын ауылдан маңдай терімен тапқан өнімін өткізе алмай жүрген шаруаны көретінбіз. Он жыл бұрын да солай болған. Қазір де осы жағдай өзгерді деп айту қиын», — деді сенатор.