«Коронавируспен күреске деп бөлінген 6 трлн теңге мен гуманитарлық көмектер кімнің қалтасында кетті?» — қоғам белсендісі

1561

«Жұқпалы індетпен күресуге мықты дайынбыз» деген және 6 трлн теңгенің қайда жұмсалғанын есеп берместен Е.Біртанов ел басына күн туғанда өз еркімен тып-тыныш қызметінен кете қалды.

Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Қатауов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына тағы да үндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол бұл жолғы үндеуінде коронавируспен күреске деп бөлінген 6 трлн теңгенің қайда жұмсалғанын анықтауды талап еткен. Қоғам белсендісінің айтуынша, ақша мақсатты жұмсалмаған. 

«Президент Қ.Тоқаевқа «ТӨТЕНШЕ ҮНДЕУ ХАТ!» делінген жазбасында қыруар қаржы бөлінсе де індеттің беті қайтпағанын, дәрі-дәрмек пен  құрал жабдықтардың жетіспеуінен халықтың малша қырылып жатқанын айтқан. 

«Коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуын болдырмау жөніндегі шараларды қаржыландыруға халық қазынасынан аса қомақты қаржы — алты триллион теңге бөлінді. Үкімет төрағасы А.Мамин және бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, өзге министрлер коронавирустың таралуын тоқтату үшін бюджеттен бөлінген қомақты қаржыға «дезинфекциялық заттар, дәрі-дәрмектер, тепловизор және зертханалық құрылғылар мен тест жүйесін, жеке басты қорғау құралдарын аламыз» деп халықты алдады. Індетпен күресуге жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы (850 000 теңге) төлейміз деді. Енді сізді және халықты алдаған барлық өтіріктері шығып қалды. 

Елімізде коронавирус жұқтырғандар үшін төсек-орынның жетпеуі; ауыр жағдайдағы науқастарға жасанды тыныс алдыру аппараттың жетпеуі және аптекада дәрі-дәрмектер болмауы салдарынан (ең ар жағы асипирин жоқ); маска, т.б. болмауы салдарынан халық малша қырылып жатыр.

Бір күнде бір отбасыдан, бір әулеттен екі-үш адам қайтыс болған ауыр оқиғалар орын алуда. Әлеуметтік желі қазанамаға айналып кетті. Туған бауырлары қазасына бара алмай жұрт қатты қиналуда», — деп жазады өзінің facebook парақшасында. 

Сонымен қатар, ол 6 трлн теңге ғана емес шет елдерден келіп жатқан гуманитарлық көмектердің қайда кетіп жатқанын сұраған.

«Елімізде жұқпалы індет- коронавирустың (COVID-19) адамдарға жұғуы басталған сәттен бастап, Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек келіп жетті. Әр мемлекеттен және сол елдегі ірі компаниялардан дәрі-дәрмектер, қорғаныш киімдері мен маскалар, перчаткалар, тыныс алдыру аппараттары т.б. жеткізілді. 

Ал, «жұқпалы індетпен күресуге мықты дайынбыз» деген және 6 трлн теңгенің қайда жұмсалғанын есеп берместен Е.Біртанов ел басына күн туғанда өз еркімен тып-тыныш қызметінен кете қалды.

Сонда 6 трлн теңге және гуманитарлық көмектер қайда кетті?! Медицина қызметкерлеріне үстеме ақы еш төленбеді», — деп атап өткен ол бұрынғы Денсаулық министрі Е.Біртановты және өзге министрлерді қатаң заңға тартуды; Халық қырылып жатқанда еш шарасыз отырған, лауазымды қызметте қалуға моралдық құқықтары жоқ, ұлтымыздың қауіпсіздігі мен өміріне еш бас қатырмайтын Премьер- министр А.Маминді, Бас Прокурор Ғ.Нұрдәулетовты, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Масимовты жұмыстан босатуды; және Үкіметті таратып, халықшыл, қолынан іс келетін үкіметті жасақтауды талап еткен.