Роза Рымбаева зейнетақысының мөлшерін айтты

1157


Халық әртісі ресейлік және еуропалық шоу-бизнеспен отандық әншілердің табысын салыстыруға келмейтінін айтты

Қазақ эстрадасының примадоннасы Роза Рымбаева өзінің зейнетақысының көпшілік ойлағандай көп емес екенін мойындады. Халық әртісі бұл туралы ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

«Мен сізге түсінікті болу үшін долларға айналдырып айтайын. Зейнетақым — екі жүз доллар. Қосымша ақылар да бар (Әр түрлі атағы үшін – ред.). Ресейлік әріптестеріміздің материалдық байлығын біз тек армандай аламыз», — деді Роза Рымбаева «Собеседник» басылымына берген сұхбатында.

Роза Қуанышқызы ресейлік және еуропалық шоу-бизнеспен отандық әншілердің табысын салыстыруға келмейтінін айтты. Көп қаражат табу үшін тынымсыз жұмыс істеуге тура келіп жүргенін жеткізді. Сондай-ақ Халық әртісі лимузин, яхта, зәулім үйден де құр алақан екенін атап өтті. 

45 жыл сахнада жүрген Роза Рымбаева өзінің жас көрінуінің құпиясымен де бөлісті. 

«Менің ойымша, бұның бәрі генетикадан. Өйткені, менің ата-анам – семіздікке бейім емес кісілер, сондықтан мен де ағаларым мен әпкелерім сияқты арықпын… Мен ерте тұрамын, таңғы жетіден бастап үй, балалар, шығармашылықпен айналысамын. Студиядағы жазбалар, қойылымдар, түсірілімдер бар. Мен әлі де Өнер академиясында сабақ беремін. Барлығы сағат бойынша бөлінген. Жұмысты түн ортасында аяқтаймын. Мұндай қарқын, әрине, шаршатады, бірақ әрқашан қалыпта болуға көмектеседі», — деп жауап берді Роза Рымбаева.