ШЫМКЕНТ: ЕКПЕ ЕГУ ПУНКТЕРІНІҢ САНЫ 42-ГЕ ЖЕТТІ

1636
Шымкентте коронавирусқа қарсы ерікті түрде вакцина алушылардың өсуіне байланысты қаладағы екпе егу пунктілерінің саны 42-ге жетті. Жалпы қалада вакциналау қоры жеткілікті.
Шымкент қаласында өткен тәулікте 6 199 адамға вакцина салынды: I компонент — 5 160, II компонент — 1 039 адам. Егу науқаны басталғалы барлығы 83 908 адам вакцинацияланды. Оның ішінде 9 083 адам вакцинаның екі компонентін алды.
Қазіргі таңда мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1 290 орын бар (қалалық инфекциялық орталық – 490, «Атамекен» клиникасы – 450, Орынбай ГБОО – 70 орын, №14 емдеу орталығы – 250, қалалық перинаталдық орталық – 30), төсек-орын толымдығы – 45 %.
Қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы бойынша 24 мобильдік топ жұмыс атқаруда. 26 сәуір күні 265 нысанға тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 8 нысанда карантин режимінің талаптары бұзылғандығы анықталды.
Сонымен қатар елімізде 26 сәуірден бастап ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген отандық «QazVac (QazCovid-in)» екпесінің бірінші партиясы қолданысқа енгізіліп отыр. Осы орайда үшінші мегаполиске «QazVac»-тың 4 000 дозасы жеткізілді. Бұл екпелер қаладағы барлық емхана мен вакцинациялау орнына таратылды. Айта кетерлігі, тұрғындар екпе қабылдау кезінде екі вакцинаның қалағанын таңдай алады.
Отандық «QazVac» – коронавирустық инфекцияға қарсы белсенділігі жойылған, бұлшықет ішіне енгізуге арналған суспензия түріндегі вакцина. Аталған екпе 18-ден асқан адамдарға 21 күндік интервалмен екі рет салынады. Бұл ретте қала емханаларындағы екпе егу кабинетінің барлығы қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Одан бөлек, жылжымалы егу пунктілерінде вакцинациялау жүргізілуде. Ал вакцинациялауға қатысатын қызметкерлер арнайы оқытудан өткен.
Айта кетейік, COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина салдыру оразаны бұзбайды. Ал екпе егу күнделікті сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін жүргізіліп отыр. Бұл ретте екпе бойынша сауалдарға байланысты «109» немесе 39-33-47 нөміріне хабарласуға болады.