ШЫМКЕНТТЕ ЭКСТРЕМАЛДЫ СПОРТТЫҢ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ АРТЫП КЕЛЕДІ

301
Шымкентті туристерге тартымды етудің мүмкіндігін қарастыру мақсатында және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына» арналған түрлі бағыттағы іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
Айта кету керек, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше туристік нысанның бірі – Сайрам тұрғын алабындағы «Бүркіт» әскери-спорттық базасы. Туристік аймақта Шымкент қаласының парашютты спорт федерациясының базасы жұмыс істейді. Таяуда БАҚ өкілдері, туристік ұйым өкілдері және жастардың қатысуымен спорттық базада «Media Camp» шарасы ұйымдастырылған болатын. Оған қалалық туризм және сыртқы байланыс басқармасы, Tourizme centre және «Online gid» компаниялары атсалысқан еді.
Бүгінде «Бүркіт» әскери — спорттық базасына келушілер саны артқан. Бұл ретте экстремалды спорттың жанкүйері Жансая Сәрсенбек өзінің әсерімен бөлісті.
— Жуық арада әлеуметтік желілер арқылы қаламызда осындай спорттық базаның бар екенін білдім. Лезде сала өкілдерімен байланысқа шығып, алдын-ала дайындық тізіміне жазылдым. Мұнда парашютпен секіру бағасы – 21 мың теңге. Адамның салмағына қарай, құны да арта береді. Мысалы, 90 келіден жоғары болса, қызметі де қымбаттай түседі. Нұсқаушылардың 5 сағаттық әзірлігінен соң 1000 метр биіктіктен секірдім. Бұл әсер менің жадымда ұзақ сақталары анық,- дейді Жансая Сәрсенбек.
Сала өкілдерінің айтуынша, демалыс аймағында келушілер тек парашютпен секіріп ғана қоймайды, сондай-ақ әуе кеңістігінде туған күн кештерін табиғаты көз тартар орында өткізуге болады.